Иә, қызметтің түріне қарай жұмыс кестесі де әртүрлі болады. Бірі ауысыммен еңбек етеді, енді бірі аптаның алты күнінде жұмыс орнында болады, тағы бірі икемді графикпен істейді. Дегенмен еңбек нарығында кең тараған тәртіптің бірі – бес күндік жұмыс аптасы. Бес күн жұмыс істеп, екі күн демалу көпшілікке үйреншікті қалыпқа айналған. Енді бұған да балама ұсынылды. Ол – төрт күн жұмыс істеп, үш күн демалу.

2022 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төрт күндік жұмыс аптасын енгізуге мүмкіндік беретін құжат әзірлеп, заңнамаға енгізілетін өзгерістердің қатарына осы бастама да қосылды.

Құлаққа жағымды естіледі, иә? Қызметкер үшін бұдан тартымды еңбек тәртібі жоқ-ау. Бір күн артық демалыс отбасыға көңіл бөліп, жеке шаруаны реттеуге мүмкіндік береді. Бастысы өзіңе де уақыт қалады.

Төрт күнге қысқарған жұмыс аптасы еңбек өнімділігіне қалай әсер етеді? Бес күнде атқарылатын жұмыс төрт күнге сыя ма? Жалақының жайы не болмақ? Ал жұмыс беруші үшін мұндай өзгерістің тиімділігі қандай? Ендеше, төрт күндік жұмыс аптасының мүмкіндігі мен тәуекелін таразылап көрейік.

Әлқиссада айтқанымыздай, мұндай өзгеріс Қазақстанның еңбек заңнамасына аяқ асты келген жоқ. 2022 жылы құжат әзірленіп, арада бір жыл өткен соң, яғни 2023 жылдың 1 шілдесінде нақты бекітілді. Бұдан кейін де үш жыл өтті. Бірақ бұл жайлы білетін азамат бірен-саран. Естіп-білгеннің өзінде де, толық хабары бар адам аз. Себебі төрт күндік жұмыс аптасы дегенде көпшіліктің ойына бірден «барлық салада жұмыс күні азайып, үш күн демалыс болады» деген түсінік келеді. Алайда заңдағы тәртіптің жай-жапсары мен мақсаты бөлек. Ең бастысы, Қазақстан төрт күндік жұмыс аптасына жаппай көшкен жоқ. Мұны да ескерген жөн.

Төрт жыл алдын сол уақыттағы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов: «2015 жылдан бері еңбек қарым-қатынасын либерализациялау процесі жалғасып келеді. Бұл – жұмысты жеңілдету. Біз мемлекеттік орган ретінде минималды стандартқа құрылған бақылау жүргіземіз. Қазір Еңбек кодексі бойынша, бес немесе алты күндік, яғни 40 сағаттық жұмыс аптасы бекітілген. Бірақ жұмыс беруші өз қызметкерлерімен келіссөз жүргізу арқылы бұл норманы азайта алады. Мысалы, бірінші аптада төрт күн, екінші аптада бес, үшінші аптада алты жұмыс күні, ал төртінші аптада қайтадан 4 күн істеуге болады. Басты талап – жалпы жұмыс уақыты есептік кезеңнен аспауға тиіс. Бұл – Еңбек кодексінің талабы», – деп түсіндірген еді.

Өткенге шолуды жалғастырсақ, экономист Мақсат Халықтың да пікіріне зер салуға болады. Сұхбаттарының бірінде ол: «Бұл белгілі бір дәрежеде еңбек өнімділігін арттырады деп есептеймін. Себебі үш күн демалыста болған азамат достарына да, отбасына да көңіл бөліп үлгерер еді. Ойы тыныққан адамдардың еңбек өнімділігі жоғарырақ болады. Төрт күндік жұмыс аптасы барлық салаға жаппай бірден енгізілмейді. Жаңашылдық кезектестіру мүмкіндігін беруді көздейді», – деді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтық коммуникациялар орталығының бас сарапшысы, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Майра Қадырбекқызымен байланысқа шыққанымызда да төрт күндік жұмыс аптасы Қазақстан заңнамасы үшін мүлде жаңа ұғым емес екенін айтты.

– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде бес және алты күндік жұмыс апталарымен қатар, жұмыс беруші мен жұмыскердің келісімі бойынша төрт күндік жұмыс аптасын қолдану мүмкіндігі де қарастырылған. Мұнда маңыздысы – төрт күндік жұмыс аптасы бес немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектесу тәртібімен белгіленеді. Сондықтан бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан реттелген деуге болады, – дейді заңгер.

Яғни 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Еңбек кодексі бойынша барлық жұмыс орны төрт күндікке көшкен жоқ. Тек қызметкер мен жұмыс берушінің келісімімен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге мүмкіндік берілді.

Ал бүгінгі ахуал қандай? Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Tengrinews. kz сайтына берген сұхбатында елдегі кей өндіріс салалары уақыт өте төрт күндік жұмыс аптасына көшуі мүмкін екенін айтты.

Министрдің сөзінен аңғарғанымыз – төрт күндік жұмыс аптасын кеңінен енгізудің нақты мерзімі де, барлық салаға ортақ тәртібі де әзірге жоқ. Заңнамада мұндай мүмкіндік бұрыннан қарастырылған. Алайда оның жүзеге асуы жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісіміне және ұйымның жұмыс ерекшелігіне байланысты.

– Егер ұйымның қызметіне қатысты барлық мәселені шешуге төрт күн жеткілікті болса, жұмыс беруші мұндай шешімді қабылдай алады. Біз бұған біртіндеп келеміз деп ойлаймын. Қалай болғанда да, жекелеген салалар уақыт өте төрт күндік жұмыс аптасына көше бастайды, – деді Асқарбек Ертаев.

Демек, әңгіме елді жаппай бір мезетте төрт күндік жұмыс тәртібіне көшіру туралы емес. Әзірге көзделіп отырғаны – жекелеген ұйымдардан бастап, оның нәтижесін тәжірибе жүзінде бағалау. Алғашқы болып осы тәртіпке көшкен кәсіпорындар кейін басқа жұмыс берушілерге үлгі болуы мүмкін. Тәжірибе зерттеліп, тиімділігі дәлелденсе, жаңа еңбек тәртібін басқа салаларға кезең-кезеңімен енгізу мәселесі қаралады. Яғни соңғы шешім ел көлемінде бір күнде қабылданбайды. Әр ұйымның қызметі, жұмыс көлемі, еңбек процесі ескеріле отырып, келісім арқылы белгіленеді.

Олай болса, төрт күндік жұмыс аптасы әзірге еңбек нарығының жаппай жаңа тәртібі емес, сынақтан өтіп, тиімділігі бағалануы тиіс модель. Оның болашағы да осы тәжірибенің нәтижесіне байланысты болмақ.

Тақырыпқа орай жақында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті еңбек заңнамасын бақылау басқармасының бас сарапшысы, еңбек инспекторы Шолпан Молдабековамен тілдестік. Оның айтуынша, төрт күндік жұмыс аптасын енгізудің бірнеше мақсаты бар. Соның бірі – қызметкердің жұмыс пен жеке өмірі арасындағы тепе-теңдікті сақтауына мүмкіндік беру. Яғни адамға отбасылық жағдайына көңіл бөлуге, денсаулығына мән беруге, жеке дамуына уақыт бөлуге жағдай жасау көзделеді. Өйткені жұмысбастылық көбейген сайын адамның жеке басына қатысты мәселелер кейінге ысырылып жатады.

– Дегенмен төрт күндік жұмыс аптасын барлық салаға бірдей енгізу мүмкін емес. Қазақстанда да жаппай қолданыста деп айту қиын. Оның тиімділігі ең алдымен мекеменің жұмыс ерекшелігіне, жұмыс берушінің мүмкіндігіне және қызметкердің келісіміне байланысты. Әсіресе өндірістік кәсіпорындарда жұмыс процесі үздіксіз жүретіндіктен, мұндай режим қолайсыз болуы мүмкін. Ал мұндай формат мемлекеттік қызмет, зейнет жасындағы азаматтар еңбек ететін немесе жұмыс процесін икемдеуге мүмкіндік бар салаларда қолайлырақ болуы мүмкін. Сондықтан оның тиімділігі әр мекеменің жұмыс ерекшелігіне байланысты бағалану керек.

Төрт күндік жұмыс аптасын бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасымен кезектестіріліп енгізіледі. Ең бастысы, мұндай режим жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы жүзеге асады. Егер екі тараптың бірі келіспесе, мұндай режим енгізілмейді. Әзірге мұндай шағымдар түспеді. Бұл жердегі басты қағида – жұмыс беруші мен қызметкердің мүддесін қатар сақтау – дейді сарапшы.

Осындай өзгеріс барлық салаға енгізілді деп қарастырсақ, қандай салалар ұтады, қандай сектор керісінше зардап шегеді? Бұл сауалға EPG Адами капиталды дамыту қорының негізін қалаушы, экономист Досым Бесбай жауап берді.

– Төрт күндік жұмыс аптасының ықпалы барлық секторға бірдей тимейді. Мұндай өзгерістен ең көп пайда көретіндер – зияткерлік еңбекке тәуелді салалар. IT, консалтинг, маркетинг, дизайн, білім беру, ғылыми зерттеулер және қаржы секторында көп қызметкер арқылы бұрынғы жұмыс көлемін аз уақытта орындауға мүмкіндік көбірек.

Ал өндіріс, құрылыс, көлік, логистика, денсаулық сақтау, сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану және қонақүй бизнесінде жағдай күрделірек. Өйткені бұл салаларда жұмыс процесін төрт күнге қысқарту қызмет көрсету немесе өндіріс көлемін автоматты түрде азайтуды білдіруі мүмкін. Бұрынғы деңгей сақталуы үшін кәсіпорындарға қосымша қызметкер алу немесе қосымша ауысым ұйымдастыру қажет болады. Ал бұл – бизнес үшін жаңа шығын, – деп түсіндірді маман.

Мұндай өзгерісте жалақы мәселесі де маңызды рөл атқарады.

– Төрт күндік жұмыс аптасында жалақы нақты атқарылған жұмыс уақытына қарай төленеді. Себебі еңбек заңнамасында еңбекақының нақты жұмыс уақытына байланысты төленетіні белгіленген. Демек, жұмыс уақыты қысқарған жағдайда жалақының да азаюы ықтимал, – дейді Шолпан Молдабекова.

Осы тұста төрт күндік жұмыс аптасының басты қайшылығы көрінеді. Қызметкер жұмыс күнінің қысқарғанын қалайды, бірақ табысының азайғанын қаламайды. Ал жұмыс беруші үшін де жұмыс уақыты қысқарып, бұрынғыдай еңбекақы төлеу экономикалық тұрғыдан қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан екі тараптың мүддесі бір нүктеде тоғысуы керек.

– Алайда жұмыс беруші өз еркімен қысқартылған жұмыс режимінде де қызметкердің бұрынғы жалақысын толық сақтай алады. Егер мұндай міндеттеме ұжымдық еңбек шартында бекітілсе, оған заң жүзінде мүмкіндік бар. Бірақ заң жұмыс берушіні мұндай шешімге міндеттемейді.

Сондықтан төрт күндік жұмыс аптасының қаншалықты кең таралатынына жалақы мәселесі тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Себебі жұмыс беруші атқарылған жұмыс көлемінен артық жалақы төлегісі келмейді, ал қызметкер өз табысының азайғанын қаламайды. Егер төрт күндік жұмыс аптасына көшкен кезде жалақы толық сақталатын болса, мұндай режимнің қолданыс аясы әлдеқайда кең болар еді, – деді Шолпан Молдабекова.

Егер біздің ойдағыдай жұмыс уақыты қысқарса, ал жалақы бұрынғы деңгейде сақталса, бұл мекеменің қаржылық жағдайына қалай әсер етуі мүмкін? Осы ретте экономист, EPG Адами капиталды дамыту қорының негізін қалаушы Досым Бесбаймен байланысқа шықтық.

– Сіз айтқандай, жалақы сақталып, еңбек өнімділігі артпай, жұмыс уақыты қысқарса онда бір сағаттық еңбектің құны автоматты түрде өседі. Бұл бизнес үшін пайданың азаюына, инвестиция салу мүмкіндіктерінің төмендеуіне, өнім мен қызмет бағасының қымбаттауына және халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің әлсіреуіне алып келеді. Әсіресе мұндай өзгеріс шағын және орта бизнеске ауыр тиеді. Өйткені олар қазірдің өзінде жоғары пайыздық мөлшерлеме, ресурстар бағасының өсуі және салық жүктемесі сияқты факторлардың қысымын сезіп отыр, – дейді экономист.

Демек, төрт күндік жұмыс аптасы үшін тек еңбек режимін өзгерту емес, қаржылық есепті қайта қарауды талап ететін экономикалық шешімге айналуы мүмкін. Сондықтан сарапшы бұл модель еңбек өнімділігінің едәуір артуымен қатар жүруі керек деп есептейді. Әйтпесе жұмыс уақыты қысқарып, жалақы сақталған жағдайда кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығына қысым күшеюі ықтимал.

Ал мұндай режимге көшу басқа еңбек құқықтарының қысқаруына әкелмейді.

– Мәселен, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, еңбек демалысы және заңнамада көзделген өзге де құқықтар сақталады. Экологиялық төлемдерге де мұндай режимнің әсері жоқ.

Тағы бір маңызды мәселе – жұмыс уақытының тәуліктік нормасы. Көпшілікте төрт күндік жұмыс аптасы дегеніміз 40 сағаттық жұмыс уақытын төрт күнге бөліп, күніне он сағаттан жұмыс істеу деген түсінік бар. Бұл – қате. Бір тәуліктегі қалыпты жұмыс уақыты сегіз сағаттан аспауға тиіс. Сондықтан 40 сағаттық апталық норманы төрт күнге бөліп, жұмыс күнін он сағатқа ұзартуға болмайды. Қалыпты жұмыс уақыты сақталуы керек.

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Еуропаның бірқатар елінде, соның ішінде Нидерландыда еңбек өнімділігінің артуы мен қызметкерлердің жеке өміріне көбірек көңіл бөлуі қатар қарастырылып, төрт күндік жұмыс аптасының оң нәтижелері байқалған. Ал Жапонияда еңбек мәдениеті мен жұмысқа деген көзқарас өзгеше болғандықтан, мұндай режим кең қолданысқа ие бола қойған жоқ. Яғни әр елдің еңбек нарығы мен жұмыс мәдениеті әртүрлі, – деп түсіндірді Шолпан Молдабекова.

Әлемдік тәжірибе жайлы экономистен де сұрап-білдік. Оның айтуынша, бүгінге дейін әлемдегі ірі экономикалардың ешқайсысы төрт күндік жұмыс аптасына толық көшкен жоқ. Көп жағдайда бұл – жекелеген компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарда жүргізілген пилоттық жобалар.

– Ұлыбритания, Исландия, Жапония, Жаңа Зеландия секілді елдердегі тәжірибелерде кеңсе қызметкерлерінің еңбек өнімділігі бұрынғы деңгейде сақталған немесе аздап артқан, кәсіби күйзеліс төмендеген, кадрлардың ауысуы азайған, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік жақсарған. Мұндай жұмыс режимі компаниялардың білікті мамандар үшін тартымдылығын да арттыра алады.

Алайда мұндай нәтижелердің басым бөлігі зияткерлік еңбек үлесі жоғары салаларда байқалған. Ал өнеркәсіп, көлік, денсаулық сақтау және үздіксіз жұмыс істейтін басқа секторларда төрт күндік режимнің экономикалық тиімділігіне қатысты нақты дерек әлі жеткіліксіз.

Әлемдік тәжірибе төрт күндік жұмыс аптасы бүкіл экономика үшін әмбебап шешім емес екенін көрсетеді. Ол белгілі бір салаларда және еңбек өнімділігі жоғары болған жағдайда ғана тиімді жұмыс істей алады, – дейді Досым Бесбай.

Экономистің пікірінше, ел экономикасы төрт күндік жұмыс аптасына жаппай көшуге әзір дайын емес.

Бір жұмыс күні кемігенде...

– Себебі Қазақстандағы еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Оның үстіне экономикамыздың үлкен бөлігі өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік секторға тиесілі. Бұл салаларда нәтиже тікелей жұмыс уақытының көлеміне байланысты. Көптеген компания жоғары өндірістік шығындар, қымбат несие және төменгі табыс жағдайында жұмыс істеп жатыр. Сондықтан төрт күндік жұмыс аптасына көшпес бұрын цифрландыру, автоматтандыру, адами капиталды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру қажет, – дейді Досым Бесбай.

Экономистің бағалауынша, еңбек өнімділігі артпай тұрып жұмыс уақытын қысқарту ЖІӨ өсіміне кері әсер етуі мүмкін. Себебі бұрынғы өндіріс көлемін аз жұмыс сағатымен сақтау үшін бизнеске қосымша ресурс қажет болады. Ал оның салдары ең алдымен жұмыс күші мен өндірістік шығындардың өсуінен көрінуі ықтимал.

Төрт күндік жұмыс аптасы туралы сөз болғанда, мәселенің құқықтық жағын да айналып өтуге болмайды. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Кәсіподақтық коммуникациялар орталығының бас сарапшысы, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Майра Қадырбекқызы жұмыс көлемі жайлы толық айтты.

Бір жұмыс күні кемігенде...

– Егер жұмыс көлемі өзгермей, оны төрт күнге ғана шоғырландырса, онда күнделікті жұмыс уақыты ұзарады. Бұл өз кезегінде жұмыскердің еңбек өнімділігіне, денсаулығына және демалыс уақытына әсер етуі ықтимал. Сондықтан мұндай өзгерістерді енгізу кезінде жұмыс процестерін оңтайландыру, цифрландыру және еңбек өнімділігін арттыру мәселелері қатар қарастырылуы қажет.

Ал артық жұмысқа тарту Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен нақты реттелген. Жұмыскерді артық жұмысқа заңда көзделген жағдайларда ғана тартуға болады және ол үшін жоғары мөлшерде ақы төленуі немесе тараптардың келісімімен қосымша демалыс уақыты берілуі тиіс.

Яғни, төрт күндік жұмыс аптасы енгізілгенімен, жұмыс беруші еңбек заңнамасында белгіленген жұмыс уақытының шегін сақтауға міндетті. Бұл өзгеріс жұмыскерлердің еңбек құқықтарының шектелуіне немесе негізсіз артық жұмыс істеуіне себеп болмауы тиіс. Ең басты қағидат – еңбек пен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау және жұмыскердің құқықтарын қорғау, – Майра Қадырбекқызы.

Осы тақырып төңірегіндегі пікірталаста елдегі еңбек нарығының бүгінгі бейнесіне де бір қарағанды жөн көрдік. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның 7,3 миллионы – жалдамалы қызметкер. Яғни еңбек нарығының басым бөлігін жұмыс берушімен еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін азаматтар құрайды.

Ал осы топтың нақты жұмыс уақытына қарасақ, мәселе одан әрі қызық. Жалдамалы қызметкерлер негізгі жұмысында аптасына орта есеппен 41 сағат еңбек еткен. Елдегі барлық жұмыспен қамтылғандар бойынша орташа көрсеткіш 39 сағат болған.

Мұндағы 41 сағатты жай ғана статистикалық сан деп қабылдауға болмайды. Ол қазақстандықтардың жұмыс уақытының қазіргі шегін көрсетеді. Ендеше төрт күндік жұмыс аптасына көшкенде негізгі сұрақ «бір күнді алып тастаймыз ба?» емес, осы «41 сағаттық еңбек көлемі төрт күнге қалай сыймақ?» деген сауалға келіп тіреледі.

Мысалы, Исландияда 2015-2019 жылдары жүргізілген сынаққа шамамен 2,5 мың қызметкер қатысып, жұмыс уақыты аптасына 35-36 сағатқа дейін қысқарған, ал жалақы сақталған. Ұлыбританиядағы 2022 жылғы пилоттық жобаға 61 ұйым қатысқан. Бір жылдық сынақтан кейін олардың 54-і төрт күндік жұмыс режимін жалғастырған, ал 31 компания оны тұрақты жұмыс тәртібіне айналдырған. Бұл дерек төрт күндік аптаның мүлде жұмыс істемейтін модель емес екенін көрсетеді. Бірақ мұндағы маңызды деталь – сынақтардың басым бөлігі еңбек өнімділігі жоғары, жұмыс процесін икемдеуге болатын салаларда жүргізілген.

2026 жылдың бірінші тоқсанында жұмыспен қамтылғандардың ең үлкен үлесі сауда саласына тиесілі – 16,7 пайыз. Одан кейін білім беру – 13,3 пайыз, өнеркәсіп – 12,6 пайыз және ауыл шаруашылығы – 10,2 пайыз. Бұл төрт саланың өзінде жұмыс уақыты мен еңбек нәтижесінің арақатынасы бірдей емес. Саудада қызмет көрсету уақыты қысқарса, оның орны белгілі бір деңгейде ауысыммен толтырылуы мүмкін. Білім беруде жұмыс уақытын қысқарту оқу процесінің ұйымдастырылуына әсер етеді. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өндірістік циклдің ерекшелігі бар. Яғни елдегі жұмыспен қамтудың елеулі бөлігі төрт күндік режимге бірдей өлшеммен көшіріле салатын еңбек моделіне жатпайды.

Қазірдің өзінде жалдамалы қызметкер аптасына орта есеппен 41 сағат жұмыс істейді. Ал жұмыспен қамтылғандардың едәуір бөлігі сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда еңбек етеді. Яғни біздің мәселе жұмыс күнін қысқартуда ғана емес, аз уақытта дәл сондай нәтижеге жете алатын еңбек моделіне қаншалықты дайын екенінде.

Халық не дейді? Осы орайда IT компанияның жоба менеджері Бағым Бақытқызы:

– Менің жұмысымда қызметкердің кеңседе нақты неше сағат отырғанынан гөрі, тапсырманың уақытында әрі сапалы орындалуы маңызды. Қазір көптеген процесті онлайн ұйымдастыруға, автоматтандыруға мүмкіндік бар. Сондықтан бес күннің орнына төрт күн жұмыс істегенде міндетті түрде өнімділік төмендейді деген сөз емес.

Әрине, жалақының сақталғаны өте маңызды. Егер төрт күн жұмыс істеп, сонымен қатар бұрынғы нәтижені қамтамасыз етсем, табысымның азаюын дұрыс деп санамаймын. Меніңше, жаңа жүйе жұмыс уақытын емес, еңбек нәтижесін бағалауға көбірек жол ашуы керек, – дейді.

Ал өндіріс саласының жұмысшысы Ерлан Касенов «төрт күн жұмыс істеп, үш күн демалу сырттай қарағанда жақсы ұсыныс сияқты. Бірақ өндірістің жағдайы кеңседегідей емес» деген пікір айтты.

– Мұнда жұмыс процесі адамның қалауымен тоқтап қалмайды. Бір ауысымның жұмысы екіншімен жалғасады, өндіріс көлемі сақталуы керек. Егер жұмыс аптасы төрт күнге қысқарса, бұрынғы өндіріс көлемін кім атқарады деген сұрақ туындайды, – десе, есімін жасыруды сұраған математика пәнінің мұғалімі төрт күндік жұмыс аптасын қолдайтынын айтты.

– Мұғалімге де демалуға, отбасына уақыт бөлуге мүмкіндік қажет. Бірақ біздің жұмыстың ерекшелігі бар. Мектепте төрт күн ғана болуымыз мүмкін, алайда жұмысымыздың бәрі төрт күнге сыйып кетпейді. Сабаққа дайындалу, дәптер тексеру, жоспар құру, ата-анамен байланысу, құжат толтыру сияқты жұмыстардың бір бөлігі үйде атқарылады. Сондықтан жұмыс күнін қысқарту автоматты түрде жұмыс көлемін қысқартпайды.

Егер төрт күндік апта енгізілсе, мұғалімге «төрт күнде бес күннің жұмысын орында» деген талап қойылмау керек. Әйтпесе қағаз жүзінде жұмыс күні қысқарғанымен, іс жүзінде жүктеме сол күйінде қалады. Тіпті төрт күнге көбірек жұмыс жинақталуы мүмкін. Сондықтан мен үшін төрт күндік жұмыс аптасының басты шарты – тек демалыс күнін көбейту емес, жұмыс көлемін де қайта қарау. Сонда ғана бұл өзгеріс қызметкердің өмір сапасына шын мәнінде әсер етеді, – деді ол.

Қол жеткен дерек пен пікірді ортаға салдық. Ал мұндай өзгерістің нәтижесін уақыт көрсетеді. Бүгінге айтарымыз – осы, құрметті оқырман!

Аман ЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!