Һакім Абай «Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» дейді. Өмірден өз орнын тауып, бағыт-бағдарын айқындауды кірпіш болып қаланумен теңеп тұр. Өйткені, тура мағынасындағы кірпіштің қалануында жатқан үлкен жауапкершілік бар.
Осы жексенбіде үлкен мереке. Құрылысшылар күні. Алып шаһарды қолмен қойғандай жасап жатқан кәнігі мамандардың мінберге көтерілетін күні. Біз осы күнді назардан тыс қалдырмай, құрылысшылармен кездесіп қайттық.
«Адамға үй ғана емес, өмір сүруге қолайлы орта керек». Бұл қағида бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобаның өзегіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың өмір сапасын жақсартуды мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындап келеді. Соның нақты көрінісі – еліміздің барлық өңірінде бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлер, заманауи ауруханалар, мәдениет ошақтары мен қоғамдық кеңістіктер арқылы танылады. Сыр өңірінде де бұл бағыттағы бастамалар қарқынды жалғасуда. Қызылорда қаласы кейінгі жылдары тек сәулеттік келбетімен ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылымының қарқынды дамуымен де ерекшеленеді. Қалада салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар өңірдің жаңа тынысын айқындайтын маңызды жобаларға айналған.
Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысымен танысты. Бұл – тек кезекті жұмыс сапары ғана емес, Президент жүктеген тапсырмалардың орындалуын бақылауға бағытталған маңызды іссапар болды.

Президент саябағындағы жаңа тұрғын үйлер
Жұмыс сапары барысында делегация алдымен Президент саябағы аумағында салынып жатқан тоғыз қабатты он бес тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мұндағы бас мердігер – «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тұрғын үй кешенінде 945 пәтер қарастырылған. Бұл үйлер қарапайым халықтың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған. Он бес тұрғын үйдің төртеуінің құрылысы толық аяқталуға жақын. Жоспар бойынша алғашқы үйлер келесі айда пайдалануға беріледі.
Осы күні құрылыс алаңында 650 жұмысшы еңбек етуде. Сонымен қатар 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Бір қарағанда алып механизмдердің үздіксіз қозғалысы, құрылысшылардың үйлесімді еңбегі үлкен бір өндіріс орнын еске түсіреді. Әр маман өз міндетін нақты атқарып, ортақ мақсатқа үлес қосып келеді. Бүгінде сылақ жұмыстары, ішкі әрлеу, есік орнату, инженерлік желілерді іске қосу секілді соңғы кезеңдегі жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Қоғамдағы ең жауапты мамандықтың бірі – құрылысшы
Құрылысшылар күні қарсаңында біз де Президент саябағындағы тоғыз қабатты тұрғын үй кешеніне барып, құрылыс барысын өз көзімізбен көрдік. Бірнеше сағат бойы құрылыс алаңын аралап, мамандардың күнделікті жұмысымен таныстық.
Құрылыс сырттай қарағанда тек бетон мен темірден тұратын қарапайым жұмыс секілді көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, нақты жоспарлау, инженерлік есеп және қауіпсіздік талаптары жатыр. Осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, тұрғын үйлердің қалай бой көтеріп жатқанын бақылау – құрылыс саласының күрделілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Инженердің бір күні қалай өтеді?
Құрылыс алаңында біз өндірістік техникалық бөлімнің инженері қызметін атқаратын Бексұлтан Әмірбековпен тілдестік. Ол қазіргі құрылыс барысы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бүгінде нысандағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жалғасып жатыр. Құрылыс қарқыны жоғары.
– Қазіргі таңда негізгі құрылыс аяқталып, әрлеу жұмыстарының кезеңіне көшкен. Мамандар сылақ жұмыстарын жүргізіп, есіктерді орнатуда. Инженерлік желілерді іске қосу да қатар жүзеге асырылып келеді. Ендігі мақсат – сапаны сақтай отырып, белгіленген мерзімде тұрғын үйлерді пайдалануға беру, – дейді Бексұлтан Әмірбеков.
Инженердің айтуынша, мұндай ірі жобаның уақытында аяқталуы – барлық маманның үйлесімді еңбегіне байланысты.
Тұрғын үй кешеніндегі 945 пәтердің салыну үлгісі соңғы уакыттағы сұраныстағы ие үлгіде жасалуда.
– Ішкі көрінісі жарық, кең бөлмелі, соңғы үлгідегі тоғыз қабатты үйіміз халықтың көңіліне шығады деген үміттеміз, – дейді инженер.
Құрылыс алаңында бүгінгі күні жұмыла қызмет жасап жатқан 650 жұмысшының бір күндік жоспары, қауіпсіздік ережелері міндетті түрде жүріп отырады. Оған қоса құрылысқа 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған, осы техникалармен жұмыс жасау ережелері таныстырылады. Құрылысшылардың үйлесімді еңбегі жұмысымыздың сәтті және жақсы нәтижемен аяқталуынан көрінеді. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, ортақ іске сүбелі үлес қосуда. Бүгінде нысанда құрылысшылардың өз істеріне деген жауапкершілігі арқасында қарқынды жұмыстар жүріп, құрылысымыз ойлағаннанда жақсы нәтиже көрсетуде, – деп сөзін аяқтады инженер Бексұлтан.

Жас маманның жауапкершілігі
Құрылыс алаңындағы жас мамандардың бірі – Азамат Нәлібаевпен де әңгімелестік. Үш-төрт жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан жас маман бүгінде тоғыз қабатты тұрғын үй кешенінде ИТР-прораб қызметін атқарады. Оның айтуынша, жұмыс күні таңғы сағат тоғызда жоспарлау жиналысынан басталады.
– Әр күнді жоспарлау жиналысымен бастаймыз. Сол жерде нақты бөліністер жүзеге асады. Кейін құрылыс алаңын толық аралап, сапаны тексереміз. Әр жұмысшының қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылаймыз. Құрылыс – тәртіпті талап ететін сала. Мұнда кез келген ұсақ қателік үлкен қауіпке алып келуі мүмкін, – дейді Азамат.
Жас маманның пікірінше, құрылыс саласындағы ең маңызды қағида – қауіпсіздік.
– Біз үшін бірінші орында – адам өмірі. Әр жұмысшы өзінің де, әріптесінің де қауіпсіздігіне жауапты болуы керек. Сондықтан техника қауіпсіздігі күн сайын қатаң бақыланады, – дейді ол.
Сонымен қатар Азамат құрылыс саласында адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатудың да үлкен маңызға ие екенін атап өтті.
– Құрылыс – үлкен ұжымдық жұмыс. Әртүрлі мамандармен күн сайын байланыста боламыз. Кейде ең үлкен қиындықтың өзі техникалық мәселе емес, адамдармен ортақ тіл табысу болып жатады. Бірақ жақсы нәтиже – жақсы команданың жемісі, – дейді жас прораб.
Азаматтың айтуынша, бүгінде құрылыс саласына жастардың келуі азайып барады. Бұл – алаңдататын мәселе.
– Шын мәнінде, құрылыс саласы тек қара күшке негізделген мамандық емес. Бұл – инженерлік ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, жауапкершілік пен кәсібилікті қатар талап ететін сала. Сондықтан жастардың құрылыс мамандықтарына қызығушылығын арттыру – уақыт талабы, – дейді жас маман.

Құрылысшы еңбегі – ел болашағына салынған инвестиция
Қай кезеңде болмасын құрылыс саласы елдің экономикалық даму деңгейін айқындайтын негізгі салалардың бірі болып саналады. Жаңа тұрғын үйлер – халықтың тұрмыс сапасын жақсартса, ауруханалар – денсаулықты нығайтады, мектептер мен мәдениет нысандары – ұлттың болашағын қалыптастырады. Ал осының барлығының бастауында күн сайын маңдай терін төгіп жүрген құрылысшылардың адал еңбегі жатыр. Құрылыс алаңындағы әр жұмысшы, инженер, прораб, кран жүргізушісі немесе дәнекерлеуші өз міндетін мінсіз атқарғанда ғана қауіпсіз әрі сапалы ғимарат бой көтереді.
Құрылысшылар күні – тек кәсіби мереке ғана емес, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген мыңдаған маманға көрсетілетін құрмет. Сапалы құрылыс, биік- биік ғимараттар, сәулеті келіскен орындар – құрылысшылардың еңбегі. Бұл мамандық қиын болып көрінгенімен, осындай нәтижелерімен қуантатыны анық. Құрылыс саласындағы әрбір маман өз ісіне жауапкершілікпен қарайтыны белгілі.
Қызылордадағы бүгінгі қарқынды құрылыс – Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі. Ал бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер, денсаулық сақтау мекемелері, мәдениет нысандары мен жасыл аймақтар – Сыр өңірінің жаңа келбетін қалыптастыратын маңызды жобалар.
Ең бастысы, бұл нысанның барлығы халықтың игілігі үшін салынуда. Сондықтан құрылысшының әр қалаған кірпіші – ертеңгі күннің берік іргетасы, ал олардың еңбегі – ел болашағына салынған ең сенімді инвестиция.

Құрылыс саласының қоғамдағы орны
Құрылыс саласы – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылыстары халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі болып табылады. Президент саябағы аумағындағы тұрғын үй кешені де осы бастамалардың жалғасы. Бұл жоба жаңа пәтерлермен қатар жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасып, мамандар сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауда. Құрылыс саласындағы әрбір жұмысшының орны маңызды. Бір маманның жауапкершілігі екіншісінің еңбегімен ұштасып, нәтижесінде сапалы тұрғын үй бой көтереді. Сондықтан құрылыс – тек техникалық процесс емес, кәсіби үйлесім мен жауапкершіліктің көрінісі. Жастардың бұл салаға қызығушылығын арттыру маңызды, өйткені елдің болашақтағы инфрақұрылымын қалыптастыратын да – бүгінгі жас мамандар. Бүгінде Қызылорда қаласында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар өңірдің дамуына тың серпін беруде. Бұл жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қаланың сәулеттік келбетінің жаңаруына ықпал етеді. Әрбір қаланған кірпіштің артында құрылысшының маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр. Сондықтан құрылысшы мамандығына деген құрмет әрдайым жоғары болуы тиіс.
Фариза ТӨРЕХАНОВА,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!