Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Билікті қолына алған сәттен бастап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді. Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Кикілжіңге, қақтығыстарға жол бермеу басты мақсат болатын. Әлемде дау-жанжалдан босамай, түрлі шиеленіс-қақтығыстар ошағына айналып отырған елдер аз емес. Билікке таласып, елден тыс күштердің ықпалынан ынтымағы кері кеткен елдер де жеткілікті. Ал Елбасының күні-түні ойлайтыны – халықтың, елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі.

 Елбасының тікелей бастамасымен, еліміздегі береке мен бірліктің мекені Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Қазіргі таңда тегі әртүрлі, мақсаттары ортақ мыңдаған Қазақстан азаматтары Ассамблея қанатының астында ел алдына қойылған ортақ мақсаттарды қызу іске асыруда. Тағдыр әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақтың дарқан даласына қоныс тепкізді. Кең пейілді қазақ халқының ыстық мейірімінің арқасында тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген өзге ұлт өкілдері ұрпағын, қасиетті шаңырағын сақтап қалды. «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыз­дықта» деп бекерге айтылмаса керек. Бірлігі жарасқан елдің босағасына береке ұялайтыны бесенеден белгілі. Елбасы Қазақстан халқын «…жұмған жұдырықтай бірліктің арқасында алмайтын асу, жеңбейтін кедергі болмайтынына» сендіріп, еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерін қоғамдық ұйысуға, жарасты ынтымаққа бастады. Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!