Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Жаңа ғасырдың интеллектуал өреніне мүмкіндік сыйлап, ізденіс жолына үлгі беретін бағдарламалар мен жобалар аз емес. Соның бірі де бірегейі, қазақтың брендіне айналған  «Болашақ» бағдарламасымен талай талапты жас еуропаның үздік оқу орындарында білімін жалғастырып, елінің өсіп-өркендеуіне үлесін қосуда. Бұл – көкірегі ояу, көзі ашық, саналы һәм сапалы ұрпақтың әлемдік деңгейдегі оқытушылардан кәсіби тәжірибе алмасып, тиісті саланы көркейтуіне қосылған үлкен мүмкіндік.

Статистиканы сөйлетсек, 1993 жылдан 2020 жылға дейін барлығы 13 978 азамат стипендия иегері атанған. 10 700-і – түлектер. Соның ішінде 7 700-і  келісімшартқа сай шетелден елге оралып, Қазақстанда мамандығы бойынша еңбек еткен, яғни мемлекет алдында берешегін өтеген.Үздіксіз іске асып, әр жолы жалынды жастардың жаңа легін аттандырып келе жатқан «Болашақ» бағдарламасының талаптары мен белгілі сала өкілдеріне берілетін жеңілдіктеріне өзгеріс енгізілгені көпке мәлім. Талаптың күшейтілуі стипендияға лайықты жасты тап басып таңдаудың алғышарты. 2020 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау және конкурстық іріктеу толық автоматтандырылды. Өзге де өзгерістер туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова «Үкіметтің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысы бар, яғни «Болашақ стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа ережеге сай, енді барлығына тең мүмкіндік беру қарастырылған. Барлық квота санаты жойылды. 2020 жылдан бастап стипендия тағайындау конкурсына шетелдік жетекші жоғары оқу орын­дары­нан шарт­сыз ша­қы­руы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Жеңілдік тек ауылдан қатысқан жандарға ғана көрсетіледі.Тағы бір маңызды дүние – конкурстық іріктеуге жолдама алған үміткер порталдағы жеке кабинетіне толық аты-жөнімен емес, жеке идентификациялық код арқылы кіреді. Тәуелсіз сарапшылар комиссиясы үміткерді әңгімелесуге шақырғанда оның тек бет-әлпетін көреді, толық аты-жөнін көрмейді. Үміткердің анкетасында, кешенді тестілеудің нәтижелері мен шақыру хатында да толық аты-жөні жазылмайды. Мұның бәрі адами факторларды жоюға бағытталған. Басты мақсат – стипендияға сапалы үміткер іріктеу. Сол себепті талаптардың күшейтілуі стипендияның сандық тұрғыдан азайтылатынын білдірмейді», – дейді.

Өткен жылы бағдарламаның өзгертілген талаптарына сай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 7 профессор-оқытушысы ғылым санаты бойынша «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын иеленді.Академиялық мәселелер жөніндегі проректор міндетін атқарушы, т.ғ.к., профессор Абайбек Жүнісов АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде, Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы Әзілхан Тәжекеев Германиядағы Тюбинген университетінде тағылымдамадан өтпек. Ал Физика-химия талдау әдістері зерханасының жетекшісі Нұрғали Ақылбеков А.Е.Арбузов атындағы органикалық және физикалық химия институтында, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Қосанов К.А.Тимирязев атындағы Ресей аграрлық университеті, Экономика және басқару  кафедрасының оқытушысы, э.ғ.к., доцент Алмакүл Әбдімомынова М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының оқытушысы Ақерке Жолмаханова М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, аграрлық технологиялар кафедрасының оқытушысы Жанар Жұмаділова Белоруссия мемлекеттік агротехникалық университетінде тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасады.

Бағыты бөлек, үздіксіз ізденіс жолына түскен жас ғалым Нұрғали Ақылбеков – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғалым» номинациясы бойынша лауреаты, «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, химия ғылымының дамуына өзіндік үлес қосып, жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмелеріне, бірнеше шетелдік, республикалық және халықаралық конференцияға қатысып жүрген өз саласының көшбасшысы. Оның Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясында өнертабыстық және инновациялық патент түріндегі 73 ғылыми еңбегі жарық көрген. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде қазақ  тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған  Ақерке Болатқызы  2019 жылы PhD дәрежесін қорғап, мамандығы бойынша философия ғылымының докторы атанды. Қазақ эмигранттарының естеліктерін жоғары оқу орнының болашақ филолог мамандарына оқытудың маңыздылығын эксперименттік тәжірибе арқылы дәлелдеп, «Қазақ эмигранттық әдебиеті» атты оқу-әдістемелік құралын әзірлеген жас ғалым 20-дан аса отандық және шетелдік басылымдарда ғылыми зерттеу мақалаларын жариялаған.

«Инженерлік-техникалық мамандықтардың тартымдылығын арттыру, ел экономикасы үшін шынымен қажет мамандарды даярлау мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған жоғары оқу орындарының тізіміне Ресейдің жетекші техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарын қосу бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады. Ресейлік техникалық жоғары оқу орындарын «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде оқуға ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тізіміне енгізу бойынша жұмыс басталды. Сонымен қатар бағдарламаның 2022-2026 жылдарға арналған даму стратегиясын қайта қарау жоспарлануда» делінген министрлік мәлімдемесінде.

Сондай-ақ БҒМ 2022 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінгенін атап өтті. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура, тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. Тағы 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша бөлінеді.

2022 жылы қызметкерлердің 7 санаты «Болашақ» бағдарламасымен біліктілігін арттыра алады: инженерлік-техникалық қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, медициналық қызметкерлер, мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері.

Дина БӨКЕБАЙ