«Болашақ» университеті мен Қызылорда технология және қызмет институты бірігетін болды. Бұрынғы Ақмешіт институты мен Болашақ университеті қосылып, «Қызылорда Ашық университеті» КеАҚ (НАО) атауындағы оқу орны болады. Бұл туралы «Болашақ» университетінің құрылтайшысы Бақберген Досманбетов пен Қызылорда технология және қызмет институтының құрылтайшысы Қылышбай Бисенов мәлімдеді.

«Шын мәнінде, әлеуметтік желіде, халық арасында «Болашақ» университеті жабылыпты, балалар қайда барады?» деген әңгімелер жүріп жатыр. Тіпті, мен айтты деп басқа да әңгімелер тарауда. Оның барлығы өтірік, жалған ақпарат. Мен ешкімге ондай әңгіме айтқаным жоқ. Өткен жылдың аяғында университетіміздің лицензиясы тоқтады. Біріншіден жұмыстағы кемшіліктерге байланысты, екіншіден, жеке оқу орындарын біріктіру мақсатында жүзеге асырылды. Қазіргі таңда барлық өңірде осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жағдайдан студент те, оқытушы да зардап шекпейді», – деді Бақберген Досманбетов. 

Бақберген Сәрсенұлы өз сөзінде жеке оқу орындарын біріктіріп, шоғырландыру қажет дүние екенін айтты. Бұл жеке университеттердің ірі оқу ордаларына айналуына септігін тигізетінін айтты. 

«Қылышбай Алдабергенұлы екеміз құрылтайшымыз. Жаңадан «Қызылорда Ашық университеті» атты оқу орнын ашып жатырмыз. Сондықтан «Болашақ» университеті жабылған жоқ», – деді Бақберген Досманбетов. 

Айта кетейік, Болашақ университетінің бітіруші түлектері Қорқыт ата университетіне ауыстырылады. Сонымен қатар басқа да курс студенттері өз таңдауларына байланысты Қорқыт ата атындағы университетке ауыса алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!