Еліміздің су шаруашылығы саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді: бүгін Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстанда 9 шілдеде су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бүгінгі таңда «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандарын қосқанда еліміздің су саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Министр Нұржан Нұржігітов еліміздің су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Су шаруашылығы саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Құрметті әріптестер, сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, қызметте табыс және отбасында бақыт-береке тілеймін. Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың арқасында қазақстандықтар тіршілік нәрімен, ал ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы ел экономикасын дамыту үшін қажет су ресурсымен қамтамасыз етілген. Су тасқыны кезінде тәулік бойы жұмыс істеген мамандарға ерекше алғыс білдіремін. Климаттық жағдайларға байланысты биыл түрлі қиындықтарға тап болдық. Дегенмен, сіздердің күш – жігерлеріңіз, біліміңіз бен жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында тасқын суын қауіпсіз өткізіп қана қоймай, еліміздің су қоймаларын суға толтырдық, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!