Фото: Sputnik / Санат Имангалиев

Sputnik. Президент ойын бизнесі мен лотерея қызметіне қатысты заңға қол қойды. Құжат талай отбасыны ойран қылған құмар ойындарға тәуелділікті азайтады деп жоспарланып отыр. Ол үшін бірқатар шектеу енгізілді. Sputnik Қазақстан заңның негізгі нормаларына шолу жасады.

Бәс тігуге тыйым салынды

Заңда құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынатын адамдардың нақты тізімі көрсетілген. Олар:21 жасқа толмаған азаматтар;ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, соның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін);борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар;мемлекеттік қызметшілер;әскери қызметкерлер;арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;бюджеттік ұйымдардың басшылары.Осы шектеуді сақтамаған адамдар бірден жұмыстан босатылады. Ал ойын бизнесінің иегерлеріне айыппұл салынады:орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (1 107 600 теңге);ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК (3 692 000 теңге).Құқық бұзушылыққа қайта жол берілсе, лицензиядан айыру шарасы қолданылады.

Жарнама жасауға шектеу қойылды

Заңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, сыртқы жарнамаға тыйым салынып отыр. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға болмайды.Рұқсат етілген жерлер:букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жерде;спорт ғимараттарының ішінде;спортшылардың киімінде;спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та.Ал отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде ғана букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға жарнама жасай алады.

Лотерея қалай реттеледі

Заңда лотерея қызметін реттеу тетіктері де жаңартылды. Бұдан былай тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттарында, білім беру мен денсаулық сақтау объектілерінде, сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау мен бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.

Құмар ойынның зардабы

Бүгінде ойынқұмар адамдарды оңалту орталықтары бар. Бірақ ондай адамдар ішімдікке де, нашаға да тәуелді болып келеді. Мәселен, небәрі 21 жасында құмар ойын мен есірткіге тәуелді болған жігіт бір күнде 55 миллион теңге ұтылған. Осылайша, 11 жылдың ішінде 155 миллион теңгенің желге қалай ұшқанын білмей қалған.Күні кеше Семей гарнизонында топографиялық қызмет бастығы штаб мүлкін ломбардтқа өткізіп жібергені үшін сотталды. Ол штабтың топографиялық қызметінің бастығы бола тұра, букмекерлік сайтта бәс тіккен. Ал қарызы көбейіп кеткеннен кейін қызметтік бабын пайдаланып, әскери бөлімге тиесілі топографиялық құрылғыларды ломбардқа өткізіп жіберген. Сөйтіп, 2 млн теңгеден астам ақшаны тағы букмекерлік кеңсеге салған.Сот үкімімен әскери қызметші 2 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Капитан атағынан да айырылды.

Статистика не дейді

Былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпарат бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Бүгінде құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан.Соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды, я болмаса, құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналды.Қазақстандағы ажырасудың 40 процентіне осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудоман. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады.2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Өкінішке қарай бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған.Бүгінде мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастаған. Балалардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті.

Құмар ойыннан бас тартуға болады

Бүгінде Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өзін құмар ойынға қатысудан және бәс тігуден ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады.Бұл қызмет барлық азаматқа, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.Өзін құмар ойындарға қатысудан шектеу үшін Қазақстан азаматына немесе резидентіне өз телефонына eGov mobile мобильді қосымшасын жүктеп, электронды цифрлық қолтаңба алу керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!