Жұмакүл апа мен Жұмабай ата – бір шаңырақтың астында жарты ғасырдан астам уақыт тату ғұмыр кешіп келе жатқан үлгілі жандар. Жәлімбетовтер әулетінің ұрпағын жалғастырып, отбасы болғандарына елу жылдан асқан ата мен апа ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере сүйіп, енді шөбере иіскейтін күнді күтіп отыр.
Ғашықтар күніне орай «AMANAT» партиясының облыстық филиалы мен «Отбасы» орталығы ұйымдастырған «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Екі жүрек: бір шаңырақ, бір өмір» атты мерекелік басқосу өтті. Міне дәл осы жиында алтын той иелері жастарға ең алдымен татулықтың маңызын айтты. Олардың сөзінше, берекелі отбасының негізі – өзара сыйластық пен сабыр.
− Татулық болмаған жерде бақыт тұрақтамайды. Бір-біріңді, бір-біріңнің ата-аналарыңды сыйлаңдар. Сонда ғана шаңырақтарың биік, босағаларың берік болады.
Махаббат – тек той күнгі көйлек пен гүл емес. Махаббат – ауырғанда ыстық шайіңді әкеліп берген алақан, сүрінгенде сүйеу болған иық, ренжігенде бірінші кешірім сұрауға ұмтылған жүрек. Біреуің ашулансаң, бірің басу айт. Бастысы − сырыңды шаңырақтан шығарма, − деді қария.
Иә, үйлену оңай, ал үй болу қиын. Десе де алтын той иелеренің кеңесі көпге үлгі болғаны анық.
Ал іс-шараға келетін болсақ, «Екі жүрек: бір шаңырақ, бір өмір» атты мерекелік басқосудың басты мақсаты – отбасы құндылығын ұлықтау, жастар мен жас отаулардың талантын ашуға жағдай жасау және ұлағатты әулеттердің сүбелі өмір жолын үлгі ету.
Жиын барысында жастар жүрек жарды сезімдерін өнер тілімен жеткізді, отбасындағы салт пен құндылықтар туралы сыр шертті. Жас жұбайларға арт-терапияға негізделген бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ кеште он жас жұптың некесі заң жүзінде рәсімделіп, қолдарына неке куәліктері берілді. Жас шаңырақтарға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы құттықтау хатын жолдап, естелік сый-сияпат үлестірді.

«Махаббатқа берік, бір-бірімізге тірек боламыз»
Ал шараға қатысқан Ғанибек Нұрсұлтан мен Анар Абиева «Болашағымыздың алғашқы қадамын махаббат күнінде бастадық» деген пікір біліріп, қуаныштарын жасырмады. Биыл олардың танысқанына төрт жыл толады. Жас жұбайлар отбасы болу туралы шешімді Астана қаласында қабылдаған екен.
– Бүгін біз үшін ең маңызды, ең бақытты сәт. Үлкен өмірге қадам бастық. «Отбасы» орталығына, ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз!
15 сәуір ресми бекітілген мереке болмаса да, жастар үшін махаббат күні деп саналады. Біз үшін бұл – болашағымыздың алғашқы қадамы. Сондықтан талабымыз оңынан болсын, шаңырағымыз шаттыққа толсын деп, әдейі осы күнді таңдадық. Барлық жас жұпқа болашаққа нық қадам басып, бақытты ғұмыр кешулерін тілейміз. Шаңырақтары биік, керегелері кең болсын!
Ал өзімізге келсек, апаның айтқанындай, махаббатқа берік, бір-бірімізге тірек болып, ата-әжеміз секілді 50 жылды бірге қарсы аламыз деген үміттеміз, − деді Ғанибек Нұрсұлтан.
Жас жұбайлардың бірі медицина саласының қызметкері болса, екіншісі экономист.
− Өздеріңіз білетіндей, 15 сәуір – «Ғашықтар мерекесі». Бұл бастаманы Сыр елінің жастары 2012 жылы көтерді. Мақсат – 14 ақпандағы «Әулие Валентин күнін» ығыстырып, оның орнына төл мерекеміз – 15 сәуірді «Ұлттық ғашықтар күні» ретінде бекіт. Міне, содан бері қанша уақыт өтті. Бүгінде Қазақстан жастары қазақтың өз төл мерекесін кеңінен тойлап келеді, − деді «Анаға тағзым» орталығы басшысының орынбасары Жасұлан Алдабергенов.

«AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Гүлшат Мұсаеваның айтуынша, «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы – отбасы институтын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс. Жоба аясында жас шаңырақтарға психологиялық және құқықтық бағытта кеңес беріліп, түрлі танымдық семинар, ашық сұхбат аен мәдени шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін отбасыларға нақты көмек көрсету де – жобаның басты міндеті. Бүгінгі салтанат – сол игі бастамалардың жалғасы. Алда аналарды қолдау, жанұядағы тәрбиені күшейту, ұлттық дәстүрді жаңғырту, отбасылар арасындағы байланысты бекіту жұмыстары жалғаса береді.

Кеш соңында өнер жұлдыздары ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тұрғындар «AMANAT» партиясы құрған фотокабинада естелік суретке түсіп, арнайы тілек кітапшасына ақжарма тілектерін жазып қалдырды.
Мерейім ӘЛІБАТЫР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!