Баршамызға 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні құтты болсын.

Қарап отырсақ әлем елдерінде президент күні тәуелсіздікпен тығыз байланысты.  Тереңге бармай – ақ, алаш арыстары 1917 жылы желтоқсан айының 5 мен 13 аралығында Орынборда өткен Екінші Жалпы қазақ  съезінде Алаш автономиясы жарияланып, жабық дауыс беру нәтижесінде Ә.Бөкейханжеңіске жетіп, Қазақстанда демократиялық сайлау жолының мықты іргетасын қаланған еді. Бірақ, аз уақытта тәуелсіздігімізден айрылып, 70 жыл Кеңес Үкіметінің құрамында болдық. Тек, алып империя құлағаннан кейін 1991 жылы бірінші желтоқсанда жалпыхалықтық сайлауда қазақстандықтар өз еркімен Қазақстан Президентін сайлады. Еліміз дамудың жаңа жолын таңдады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы басшылығымен халқымыз Тәуелсіздік Туын биікке көтерді. Шекарамызды айқындап, заңды құжатқа айналдырды. Заңымызды, мемлекеттік Рәміздерімізді және рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып, өміріміздің сан саласын дамыту, жас мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тамаша бастамалар өмірге келді. Тұңғыш Президент күнінің ерекшелігі сонда, ол – қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі, ТМД-дағы алдыңғы орынға шықты.

Бүгінгі мерекемен құттықтай отыра Елбасымыз жайлы айта кетсем деймін. Біз ес жиғалы Нұрсұлтан Назарбаев көз алдымызда болды. Сол себепті де Н.Назарбаев президенттіктен өз еркімен кеткенінде көзімізге еріксіз жас келді. Мен өмірімде алғаш рет Елбасымен жүздескенім есімде. Өз көзіммен жақыннан көрдім.

Осыдан, нақты білмеймін, бірақ жобамен 2000 жылдың басында Елбасымыз Қызылорда қаласына келді. Кішкентай балалар барлығымыз таласып, алдыға өрмелеп, қазір қолынан ұстаймын деген ниетпен Елбасымызды күтіп тұрдық.

Сол кезде көз алдымнан, қолын менің қолыма тигізген бойы ұзын, реңді Елбасымыз көз алдымнан ешқашан кеткен жоқ. Ол кезде кішкентай болатынмын.  Анам Елбасы жайлы «Ол өте жақсы адам, бізге үлкен жақсылық жасаған. Сендердің болашақтарыңды жарқын ететін адам» , – деп құлағыма құйып қойған. Сонымен не керек6 бәріне мақтанғаным бар, «Менің қолымды бәріне танымал, бізге көмектесетін, біздің президентіміз ұстады» , – деп. Ол күн де мен үшін бір естен кетпестей естелік болып қалады.

Біз – қазақстандықтар өз еліміздің жеткен орасан зор жетістіктеріне қуанамыз және мақтанамыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні мерекесін атап өте отырып, Елбасымызға, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан ерен еңбегіне құрмет көрсетеміз. ӨйткеніТәуелсіздік үшін, бейбіт күндеріміз үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құрметке лайықты.

Айдана Хабиева