«Жас келсе – іске» дейді қазақ. Ал жасына жетпей, еңбекке ерте араласып жүргендер үшін кім жауапты? Иә, жаңа заманның жас буыны қаржылық тәуелсіздікке тым ерте талпынатыны жасырын емес. Әсіресе жаз айларында жалданып жұмыс істейтін мектеп оқушыларының қарасы қалың.
Бүгінде қай тойханаға бас сұқсақ та, онда даяшы болып жүрген жасөспірімдерді байқаймыз. Бірі – оқушы, бірі – студент. Той-томалақтағы дастарханды шыр айналып, қонақтарға қызмет етеді. Еңбектің нанының қадірін ерте ұққаны құптарлық жайт. Алайда олардың еңбек етуі «заң талаптарына сай әрі қауіпсіз жағдайда жүзеге асып жатыр ма?» деген сауал туындайды.
Рас, бүгінде көптеген жас өз қажеттілігін өзі өтеуге, ата- анасына қолғабыс жасауға ұмтылады. Бұл жауапкершілікке тәрбиелейтін, еңбекқорлықты қалыптастыратын жақсы қасиет. Дегенмен кей жағдайда жұмыс берушілердің арзан жұмыс күшіне айналған жасөспірімдердің құқығы тапталып, жанайқайы ескерусіз қалады.
Мәселен тойханада немесе қоғамдық тамақтану орындарында кейбір жасөспірімдер түн жарымына дейін жұмыс істейді. Ал заң бойынша кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты шектелген және олардың денсаулығына зиян келтіретін, ауыр жұмыстарға тартылуына жол берілмейді. Соған қарамастан қосымша табыс табуға талпынған жастар кейде өз құқығын білмегендіктен артық жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Тағы бір мәселе – еңбек қатынастарының ресми рәсімделмеуі. Көп жағдайда жасөспірімдер жұмысқа ешқандай келісімшартсыз қабылданады. Соның салдарынан еңбекақының уақытылы һәм толықтай төленбеуі, жұмыс барысында жарақат алу немесе басқа да даулы жағдай туғанда олардың құқығын қорғау қиынға соғады.
Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, бала еңбегін қанау әлемнің көптеген елінде әлі де өзекті мәселе. Сондықтан мемлекеттер балалардың білім алуына, жан-жақты дамуына кедергі келтірмейтін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Қазақстанда да бұл бағытта заңнамалық талаптар өткен жылдан бастап қолға алынған.
14 жастан бастап еңбек ету заңды ма?
Жоғарыда атап өткен мәселеге кеңірек тоқталсақ. Елімізде оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуіне және алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауына мүмкіндік беретін жаңа тетік жұмыс істеуде. Енді мектеп оқушылары жаз мезгілінде қауіпсіз әрі ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек дағдыларын меңгере алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, өткен жылдан бастап электронды еңбек биржасының enbek.kz платформасында «Менің жазғы демалысым» атты арнайы бөлім іске қосылған. Жоба жасөспірімдердің еңбек нарығына алғашқы қадам жасауына жағдай жасап, олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған бөлім арқылы 14 жастан бастап оқушылар платформаға тіркеліп, жеке кабинет аша алады. Сондай-ақ өз түйіндемесін орналастырып, бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған оқушылар үшін тіркеу рәсімдерін олардың заңды өкілдері жүзеге асырады. Министрлік өкілдерінің мәліметінше, платформа арқылы жұмысқа орналасқан кезде міндетті түрде еңбек шарты жасалады. Бұл талап жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы қарым-қатынасты заңдастырып қана қоймай, жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы жылдың басынан бері «Менің жазғы демалысым» бөлімі арқылы 1,5 мыңнан оқушы жұмысқа орналасқан. Ал өткен жылы аталған жоба аясында 4 552 оқушы еңбекпен қамтылған. Жалпы, былтырдан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 8,5 мыңнан астам жас тартылып отыр.
Статистикалық дерекке сәйкес, жастардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға қатысқан. Министрлік мұндай жұмыс түрлеріне орналасу үшін арнайы кәсіптік білім мен жоғары біліктіліктің талап етілмеуімен түсіндіреді. Бұл өз кезегінде мектеп оқушылары мен жастардың еңбек қызметіне тез араласуына мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, жазғы жұмыспен қамту бағдарламалары жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Сонымен қатар еңбек нарығының талаптарымен танысып, болашақ мамандығын таңдауға ықпал етеді. Биыл оқушыларды жұмыспен қамту шаралары оқу жылы аяқталған сәттен-ақ басталып кеткен көрінеді. Яғни қазірде мыңдаған жасөспірім жазғы демалысын тиімді өткізіп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік алуда.
Енді мұғалім емес, ата-ана жауапты
«Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне кім жауапты?» деген сауалға оралайық. Жуырда ғана орын алған жан түршігерлік оқиға елді дүр сілкіндірді. Жазғы демалыс бастала сала қоғамдық тамақтану орындарының біріне даяшы болып жұмысқа орналасқан 16 жастағы қыз 2 маусым күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Тек ертесіне мәйіті аудан орталығына жақын су арнасынан табылған. Бүгінде күдікті анықталып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Аталған оқиғадан кейін ата-аналар тарапынан қадағалау күшейіп, жауапкершілік жүгі еселене түскендей. Себебі жыл басында білім саласына қатысты маңызды жаңалықтардың бірі жарияланып, жаңа заң қабылданған еді. Педагогтердің құқығын қорғауға және оларды өз міндетіне қатысы жоқ артық жұмыстардан босатуға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленді.
Осы уақытқа дейін мектептен тыс жерде немесе сабақ аяқталғаннан кейін оқушылармен болған түрлі жағдай үшін мұғалімдер жауапқа тартылып, негізсіз кінә тағылатын жайттар жиі кездесетін. Жаңа құжат бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан нүкте қоюды көздейді.
«Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында мұғалімдердің міндеттері мен жауапкершілік шекарасы нақты айқындалған. Соған сәйкес, енді педагогтер тек өздерінің кәсіби қызметін атқару барысында ғана оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты болады.
Заң жобасына сәйкес, мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының басшылары оқушылар үшін тек сабақ барысында немесе мектеп ұйымдастырған ресми іс-шаралар кезінде ғана жауап береді. Ал сабақтан тыс уақытта баланың қауіпсіздігі, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқы үшін жауапкершілік ата-аналарға немесе заңды өкілдерге жүктеледі. Бұл норма педагогтерді негізсіз айыптаулардан қорғап, олардың басты міндеті сапалы білім беруге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік жасайды.
Сонымен қатар «Білім туралы» заңға енгізілетін түзетулер ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Енді олар педагогтердің құқықтарын құрметтеуге, мектеппен жасалған келісімшарт талаптарын сақтауға және баланың тәрбиесі мен мектептен тыс уақыттағы әрекеттері үшін толық жауапкершілік алуға міндетті.
Жалпы аталған өзгерістер мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтады деген үміт бар. Өйткені ұстаздың негізгі міндеті – білім беру болса, баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігі ең алдымен отбасының жауапкершілігінде болуы тиіс.
12 маусым – Халықаралық бала еңбегін қанауға қарсы күрес күні
Жыл сайын 12 маусымда әлем жұртшылығы Халықаралық бала еңбегін қанауға қарсы күрес күнін атап өтеді. Бұл күннің басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, олардың білім алуына, денсаулығына және жан-жақты дамуына кедергі келтіретін еңбек түрлерінің алдын алу мәселесіне қоғам назарын аудару.
Аталған күн 2002 жылы International Labour Organization бастамасымен белгіленген. Содан бері әлемнің көптеген елінде бала еңбегінің ең ауыр түрлерін жоюға бағытталған іс-шаралар өткізіліп келеді.
Балалық шақ – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды кезеңнің бірі. Бұл уақытта бала білім алып, ой-өрісін кеңейтіп, тұлға ретінде қалыптасуы тиіс. Алайда әлемнің әр түкпірінде миллиондаған бала ауыр еңбекке тартылып, негізгі құқықтарынан айырылып отыр. Кейбірі ауыл шаруашылығында, құрылыс нысандарында немесе қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істеуге мәжбүр болса, енді бірі көшеде сауда жасап, отбасын асырауға көмектеседі.
– Біздің тиісті заңнамада қандай жұмыс, неше сағатқа, неше жастан, кімді тартуға болатыны туралы жазылған. Егер заңдағы талаптар бұзылатын болса, мысалы 11 жастағы баланы қиын қара жұмысқа салып қойып, оған 10-15 сағат жұмыс істетіп қойса, әрине бұл заң бұзушылық екені белгілі. Сондықтан біз баланы еңбекке жегіп қою мен оны еңбекке баулудың ара жігін ажыратып алуымыз керек. Мысалы өзіміз ауылда тұрдық, мал жайғадық, су тасыдық, қойдың кезегіне шықтық. Сабақтан тыс уақытта жазда да, қыста да жұмыс істедік. Одан жаман болған жоқпыз. Сондықтан еңбекке баулу деген өзіңнің саяжайыңда жұмыс істеу, үйде ыдыс жуу, төсегіңді жинау, үй жинау деген сияқты жұмыстар адамды тәрбиелейтін бастамалар. Ал оны 15 сағат жұмыс істетіп қойса, өзі қаламаса, құқығы бұзылса ол бала еңбегін қанау болып есептеледі, – дейді мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, кейінгі жылдары бала еңбегін азайту бағытында оң өзгерістер байқалғанымен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балалардың еңбекке ерте араласу қауіпі жоғары.
Қазақстанда да балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Еліміздің заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарды еңбекке тартуға белгілі бір талаптар қойылған. Жасөспірімдердің денсаулығына зиян келтіретін, ауыр немесе қауіпті жұмыстарға орналасуына тыйым салынған. Сонымен қатар олардың еңбек етуі оқу процесіне кедергі келтірмеуі тиіс.
Мамандардың айтуынша, бала еңбегін қанаудың алдын алуда ата-аналардың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік мекемелердің және жалпы қоғамның жауапкершілігі зор. Әрбір бала қауіпсіз ортада өмір сүріп, сапалы білім алып, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Халықаралық бала еңбегін қанауға қарсы күрес күні – балалардың құқықтарын қорғаудың маңызын тағы бір мәрте еске салатын маңызды дата. Өйткені әрбір баланың бақытты балалық шаққа, сапалы білімге және жарқын болашаққа құқығы бар.
Жасөспірімдердің еңбек етуіне толықтай тыйым салу дұрыс емес. Керісінше, олардың заң аясында, қауіпсіз ортада және жас ерекшеліктеріне сәйкес жұмыс істеуіне жағдай жасау қажет. Бұл ретте ата-аналар, жұмыс берушілер және мемлекеттік органдар бірлесіп әрекет еткенде ғана бала еңбегінің көлеңкелі тұстарының алдын алуға болады.
Еңбек – тәрбиенің маңызды құралы. Алайда әрбір баланың денсаулығы, қауіпсіздігі мен білім алуға деген құқығы бәрінен жоғары тұруы тиіс. Сондықтан жасөспірімнің жұмыс істеуі оның құқықтарының бұзылуына емес, болашағына пайда әкелетін мүмкіндікке айналуы тиіс.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
