«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»

Өмір – ғажайып! Бірақ, естен тандырар есірткімен емес, естілікпен өмір сүрсең ғана дер едім.

Менің жасым он екіде. Кішкентай болсам да кейде болашағым туралы көп ойлап, армандап кетемін. Арман, қиялым бірде қуантса, бірде мұңайтады. Айналамнан жақсы адамдарды көрсем, жарқын болашағым жымия қарсы алатындай қанаттанып қаламын. Ал, мұңаятын себебім: қазіргі кезде өзім қатарлы жас достардың жаман әдетке әуестігі, ар-ұяттан жұрдай әбестігі. Мұндай жандар болашағыма кері әсерін тигізуі әбден мүмкін ғой. Иә, бұл тек мені ғана емес, елімізді алаңдатып отырған жайтқа айналды. Қазіргідей барлығы да ашық, қолжетімді уақытта бұл мәселеге көз жұма қарауға әсте болмайды деп ойлаймын. Елімізді келешекте көркейтетін, дамыған елдер қатарына қосатын бүгінгі мына біздер емес пе?! Рас, бұл жерде барлық балалар есірткіге есі кеткен десем артық болар. Дегенмен, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» секілді әр жерден қылаң беріп, бой көрсетіп жүрген жағдайларды өтірікке де шығара  алмаймын.

Жақсыға да, жаманға да жаны құмартып, жаңалық іздеп тұратын біздегі бала көңіл таза, әрі сенгіш.  Мысалы, «шылымды бір рет шегіп көрсем қайтеді?» деген алғашқы қызықтан басталған аңқау қадамың ішімдіктің арбауына, есірткінің қармағына өмір бойы байлап қояды емес пе?! Сондықтан, алғашқы қадамды жасамас бұрын, атам қазақ айтқандай, «жеті рет өлшеп, бір кесімін жасау» керек деп ойлаймын.

Адам – өз өмірінің қожайыны. Тағдырдың «тәуір  қожайыны» болу үшін ізгі қасиеттерді бойға сіңіріп, «кітап» деген ең қымбат, ең асыл құндылықпен дос болу керек. Кітаппен дос болсаң, отбасың да, достарың да сенің жаныңда. Сенің досың есірткі емес, асыл қазына – кітап екенін білсе, теріс әрекеттер «мендік тұлғаңның» терезесіне көлеңкесін де түсіре алмас еді…

                                     Нұрланқызы  Нұрдана

                                      Арал қаласы, №220 орта мектебі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!