«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»

Адам мен адамның айырмашылығы мінез – құлқы мен жүріс – тұрысынан, адами қасиеттерінен  білінеді. Бірақ, түптеп келгенде адам мен адамның ешқандай айырмашылығы жоқ. Алла барлық адамдарды бірдей етіп жаратқан. Ал адамның түзу жолмен жүру не жүрмеуі  өзіне, яғни, осы өмірде жасаған барлық іс-әрекеттеріне байланысты болады деп ойлаймын.

Адамның  барлығының бойында   құмарлық деген қасиет бар. Егер  сол қасиетті тізгіндей алмаса,  бойын нәпсісі жеңіп кетсе,  адам рухани болмысын ұмытып, жалған дүниеге беріліп кетеді.  Тап-таза, мөлдір, тұнық судың өзі лайланып, бастапқы қасиетін жоғалтып алуы секілді, жалған дүниенің арбауы адамдардың болмысының бұзылуына  әкеп соғары сөзсіз шындық.

Сондықтан,  арманы көп, қызығушылығы басым біз сияқты жастарға ғасыр індетіне айналған  – нашақорлық, ойынқұмарлық, маскүнемдік туралы, оның зияны мен апарар зардаптары жайында  құр ақпарат бергеннен гөрі, «Салауатты өмір салтын сақтаймыз!» ұранымен   бейне ролик, сахналық қойылым, челендждер, граффити байқауы, эстафеталық   сайыстар көптеп ұйымдастырылу керек деп есептеймін. Жастар  өзі атсалысқан, ойнаған қойылым, челендж, бейне ролик, тіпті сурет салу барысында, оның зиянды тұстарын жақсырақ көреді, зиянды әдеттерден жиренеді деп ойлаймын.

Ғасыр індетімен күресудің тағы бір  жолы ауыл жастары мен қала жастарына ортақ белсенді орта қалыптастыру. Спортқа құмар, кітапқұмар, музыка әлемі, мәдени ортаға құмар пікірлес жастарға қолдау білдіру керек. Жастардың жан дүниесіне үңіліп, психологиялық, рухани, медициналық көмек қолын созу, қоғам болып қолға алыну керек жұмыс деп есептеймін.

Мақсаты айқын, қадамы нық, иманы берік адамға  ешқандай бөгет жоқ. Бұл өмірде біреу кем немесе артық болып туылмайды. Барлығының мүмкіншіліктері бірдей. Тек адам өз өмірін өзі таңдайды.   Өз таңдауының болашақ жемісін жейді.  Қызылды-жасылды заман кеселдеріне арбалып қалмай, өмірді жақсы көру керек, өмірді жақсы сүру керек!           

21 ғасыр бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман,  рухы мықты біз сияқты жастар қоғамға ауадай қажет. Ойлап қарашы, денсаулыққа, қоғамға, отбасына, жеке өмірге пайда әкелмейтін, құрдымға жетелейтін  зиянды әдеттердің қаншалықты керегі бар? Адам өлшеулі ғана ғұмырын  есірткі, темекі, психотропты заттармен уласа, хайуаннан қандай  айырмашылығымыз болады? Замандас дос, ғасыр індетін таразыға салып, өзің де іштей ойланып көр! Әуестікке салынбай, дұрыс өмір сүруді бүгіннен бастап қолға ал! Себебі, ғасыр індетінен аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанатын, жігерлі, рухы мықты, ойы ұшқыр жалынды жастармен  Егемен еліміздің қабырғасы берік, шаңырағы қашанда  биік болары сөзсіз.

Мөлдір МҰРАТҚЫЗЫ,

Сырдария ауданы, Шаған ауылы

37 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы

#есірткігеқарсыбайқауы, 

#антинаркотическийконкурс

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!