Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға!

Жастар – ел болашағы. Келешектің кілті де біздің қолда. Біздің еншімізге Қазақстанның мәңгілік ел болуына атсалысу жазылған. Сондықтан алға мақсат қойып, арманға ұмтылуымыз керек. Менің де өз арманым бар. Тұғырлы елдің еркіндігі үшін қызмет жасайтын өз ісінің нағыз маман азаматы болғым келеді. Алдымыздағы мақсатымыз – қиналғанға қол ұшын созып, көмек қажет жандардың жанынан табылу. Жүгенсізді жөнге салып, заң бұзушылықтардың алдын алу, қоғам тыныштығын сақтауға атсалысу да үлкен жауапкершілік. Жақында біздің мектепте қоғам дертіне айналған есірткімен күрес мәселесіне қатысты  конференция өтіп, түсіндірме шараларын жүргізді. Осы конференциядан қажетті мағлұмат алып, өмір бойы қаперде ұстауға қажет кеңестер тыңдадық. Біздер, жас ұрпақ өзіміздің денсаулығымызды бағалап, салауатты өмір жолын ұстанып, зиянды есірткіден бойымызды алшақ ұстауымыз керектігін ұғындық.

Есірткі – әлемді жаулаған қатер.  Осы есірткінің кесірінен қаншама адам өз болашағынан айрылды. Мамандар елде 24 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді екенін айтады. Адам өмірін бір сәтте басқа арнаға бұратын зиянды әдет жастар арасында белең алған екен. Есірткімен күреске үндейтін фильмдерде де осы жасөспірімдер арасындағы тәуелділік ашық көрсетіледі. Оны қарап отырып, жеңіл ақшамен келген жетістіктің құнсыз екенін түйсінуге болады. Сонымен қатар жаман әдет жақсы ат әпермейтінін, есірткі есіңді алып, тәуелдік тудыратынын ұғынасың. Тәуелділіктің зардабы көп, оның әсерінен адамның ойлау қабілеті, сана-сезімі бұзылады, өміріне балта шабылады және адамның жүйке жүйесі бұзылып, құмарлық өмір бойы сақталуы мүмкін. Тек санаулылар ғана оны жеңген. Себебі, жалғанның кермек дәмін татамын деп, алдамшы, бір күндік ләззатқа батамын деп құрдымға кеткендерді құтқару көбіне кеш болып жатады. Оның үстіне телекоммуникацияның дамуы есірткі саудасының екінші тынысын ашып отыр.

Бұл ретте есірткі саудасын тоқтата алатын  күш біреу болса, ол өзіміздің ішкі рухымыз. Еліміздің заңы бойынша есірткіге қатал тыйым салынған. Алайда есірткімен ұсталып жатқан қаншама отандасымыз бар. Сондықтан да әрбір адамның мықты рухы болу керек. Біз, жас буын – тәуелсіз елдің тірегіміз! Біз, жас толқын – ата-ана, ұстаздарымыз бен жақындарымыздың үмітін арқалаған келешектің иесіміз! Сондықтан да замандастарымды салауатты өмір салтын ұстануға, ойымызды, бойымызды таза ұстап, жақсыға ұмтылып, жаманнан жиренуге, ізденіс жолына түсіп, білім мен ғылымды дамытуға шақырамын! Дана да дара болайық, ел ертеңін кемелдендіруге бірге күш салайық! Біз есірткісіз болашақты таңдаймыз!

Ағыбай САҚЫП,

№2 Абай атындағы мамандандырылған мектептің 9-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!