Су саласындағы жігіттермен бірге жаны нәзік болса да, апаттың алдын алып, дамбының басын жағалап жүрген қыз баланы көрсеңіз, ол – Тоғжан. Мамандығына жан-тәнімен беріліп, еңбектің қазанында қайнап жүрген Тоғжан Алмасқызының бұл салада жүргеніне де он жылдан асыпты. «Жұмысыңды жақсы көрсең, түк қиындығы жоқ» дейді ол бізбен әңгімесінде.

Осы учаскеден су алатын шаруа қожалық төрағаларының барлығы мұнда келгенде басшыға емес, әуелі Тоғжанның кабинетіне бас сұғады. Өйткені, маңдай тіреп келетіні де – осы бөлме. Су алуға келісімшарт жасасады, ақысын төлейді.

– Мен шаруашылықтармен жұмыс істеймін. Жылдың басында кім, қанша гектар жерге қандай дақыл егеді? Осы мәліметтердің барлығын жинақтап, әрбірімен келісімшарт жасасамыз. Шаруа қожалықтарымен ай сайын алатын суын бөлек-бөлек есептеп ай сайын акт жасаймыз. Одан соң 9 айлық, жылдық есептің барлығы – менің қызметімде, – дейді Тоғжан Райымова.

Қыз баланың ә дегеннен мұғалім немесе дәрігер мамандығын таңдағанын көреміз. Бірақ Тоғжан үйреншікті бағыттан басқаға жол салыпты. Су саласының маманы ретінде бұл күнде өз ортасында абыройлы, беделді. «Биллинг» жүйесін меңгеріп, сол арқылы тек учаскенің ғана емес, шаруа қожалықтарының да мәселесін шешіп отыр.

– Алдыңа түрлі адам келеді. Біреуі күліп келеді, біреуінің қабағынан қар жауып тұрады. Халықпен жұмыс істеп үйренген тәжірибе бар, ата-анадан алған тәлім мен тәрбие бар, бәріне жылы қабақ танытып, жұмысының жүйеге қойылуына септесіп тұрамыз. Ал сол шаруашылықтар өнімді мол жинап, қуанып жатса, біз де оған қуанамыз. Өйткені, шаруаның еккен дақылына уақытылы су барып, күрішті қамыс баспай, егіннің бітік шыққанына тамшыдай болса үлесің тигеніне қуанасың, – дейді Тоғжан Алмасқызы.

Біз сұхбатымызды алып шығып бара жатқанда бірнеше ауылдан келген шаруашылық өкілдерін байқадық. Олар біздің кабинетті босатуымызды күтіп тұр екен. Міне, тоқтамайтын тіршілік тіні осы да. Ал Тоғжан бізден соң «Сәлеметсіз бе?» деп сыпайылап, шаруаның жұмысын реттеуге кірісті. «Іске сәт!» деп, шығып барамыз…

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!