Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Абзал Құспанмен кездесіп, сыбайлас жемқорлықты жою мәселелерін талқылады.

Абзал Темірғалиұлы сыбайлас жемқорлықты алдын алу, азаматтар арасында жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру бағытында қоғамдық кеңестің белсенді түрде жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде аймақ басшысы Сыр еліне арнайы келген кеңес мүшесіне алғыс білдіріп, Қызылорда облысында сыбайлас жемқорлықты алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бағытында арнайы комиссия отырысында өзекті мәселелер ұдайы түрде жүргізілетінін тілге тиек етті.

Кездесуді қорытындылай келе Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, партия жанындағы қоғамдық кеңестің жұмысшы тобы бірнеше күн бойы Қызылорда қаласы мен аудандардағы нысандарды аралап, бірлескен бағыттарда жұмыс жүргізетін болады.