Фото: Ашық дереккөзден алынды

Әлеуметтік желінің игілігін көргендер күн санап артып келеді. Бірі бизнесін дамытуда, бірі жарнама арқылы мол табысқа жол ашуда. Өмірдің әр саласын әлеуметтік желі арқылы өз пайдасына асырып отырғандардың саны күннен күнге артпаса, кеміп жатқан жоқ. Ал «инфосығандар» туралы естуіңіз бар ма?

«Инфосығандар» – түрлі курс, тренинг, гайд, check-list, вебинарлар және басқа да оқыту, үйрету қызметтерін сатумен айналысатындар. Олардың нағыз коуч, жаттықтырушы, инфобизнесмендерден айырмашылығы бар. Инфосығандар ұсынған оқу материалдарының сапасы төмен болады, қаншаға сатып алсаң да кәдеңе жарата алмайсың.
Бұл терминді әлемде кеңінен таратқан Эндрю Тейт. Ол – ғаламторда табыс табуға арналған көптеген аты шулы жемісті еңбектердің авторы. Оның табыс көзі тікелей курстарға қатысты. Яғни, курс сату – ол үшін ақша табудың басты көзі. Көптің қызығушылығын оята білген тақырып ер адам мен әйел арасындағы байланысқа қатысты еді. Осыған акцент қоя отырып, соның арқасында біршама жобалары атаққа ие болды.
Желіде қолдаушысы көбейгендер көпке үлгі. Оқырманға не керек екенін ұққан блогерлер жеке блогтан бөлек, онлайн курс сатып, тренинг-семинарлар өткізеді. Ал әлеуметтік желіде «Қиын емтихандардан өтуге көмектесемін» деген бейнематериалдар саны тіптен көп. Экранның арғы жағынан сізге мотивация беріп, жеке психологыңызға айналып кеткені де рас. Олардың көксегені алғашында сізді тегін сабаққа қызықтырып, ақырында аудиокітап, жеке «өзіңді дамытуға» арналған курс, тағы да басқа туындыларды сатып алуға үгіттеу.
Бай-қуатты, бақытқа толы өмір сүруге көмектесемін, менің жобам 100%-дық нәтижені береді деушілер «Өзіңе деген махаббат» тақырыбында аудиокітап шығарып, халыққа ұсынған дүниенің қатесін тексерместен керекті платформаға жүктейді. Мұнан кейін мақсатқа жетуге, контент жасауға да үйрете аламын деп сендіреді. Оған қоса отбасылы адамдардың да өміріне өзгеріс әкелемін дейтін оқымаған мамандар көбейіп кетті. Тығырықтан шыға алмай жүргендер шешімді әр жерден іздегенде, осындай ғаламтордағы білгішсымақтардың арбауына ілігіп қалып жатады.
Мәселен, босанғаннан соң салмақ жинаған немесе осы күнге дейін арықтай алмаған әйелдер Instagram желісі арқылы 4000-5000 теңге тұратын курсты сатып алады. Жас қыздар «арманымдағыдай боламын» деп құны 15 мың теңгені құрайтын тренинг-семинарға қатысады. Ол біреулерге көмегін тигізсе, енді біреулер үшін кері әсерін тигізетіні рас.
Алаяқтарға кез болып, сан соғып қалып жатқандар туралы аз естімейміз. Қаншама отбасының күйреуіне де осы жағдайлар әсер етуде. «Өмірді өзің үшін сүресің» деген ұғымды бұрыс тұсынан қабылдап, қате пікірді қаперінен шығара алмағандар сүттей ұйып отырған отбасының шырқын бұзады. Көптеген курстар отбасылық өмірде эгоизмге басымдық беруге бағыттайды.
Жылтыр жарнаманың соңы өлімге де әкелуде. Бұл – Алматы қаласында болған қайғылы оқиға. Әйгерім есімді дәрігер – балаларға массаж жасауға үйрететін курс сатумен айналысқан. Өзін жоғары білімді педиатрмын деп таныстырған ол клиникасына курстан бөлек медициналық білімі жоқ тұлғаларды жұмысқа алған. Біліктілігін арттырғанын дәлелдейтін сертификаттар ғана, ал педиатрдың оқуын мүлде оқымаған болып шықты. Осылайша атыраулық отбасының 2,5 жасар ұлы «ақ халаттылардың» кесірінен ауыр жағдайда дүниеден өтті. Ескеретін тұсы мұндай жарнаманың құрбаны болған тек ол емес. Мұндай іспен айналысушылардың арнайы білімі болмайды. Тиісінше, олар ойлап тапқан туындылардың да сапасы нашар. Алайда сөзге шешен, харизмаға толы тұлғалар болады. Сондайақ жұмысты сапалы етіп көрсету үшін психолог, эксперт сияқты мамандарды жалдайды.
Көптеген курстар дәлелденбеген немесе айтпаса да түсінікті, мағынасыз ақпараттарға толы. Айласын асыра білгендер аңғал жұрттың аузын ысып, соңында түкке жарамсыз сертификатты ұстатады да, мөрін басып, шығарып салады. Алайда бір жапырақ қағаз түбі шкаф сөрелерінде шаң басып, еленбей де қалатынын ешкім аңғармайды. Әрине, білімнің әртүрлі көзін іздегенде тұрған ештеңе жоқ. Тек түптеп келгенде маркетингтің құрбаны болып, сан соғып қалатыныңызды ешкім болжай алмайды.


Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!