Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы отандық ақпарат құралдары жазуда.
БАҚ-тың жазуынша, экс-министр елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрған. Әйел жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қайтыс болған.
Ал елордалық ПД ұсталған адамның атын атамай түсініктеме берді.
«Астана қаласы ПД Жедел басқару орталығына қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып, салдарынан әйелдің дене жарақатынан қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Күдікті ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында ПД мен Есіл аудандық ПБ жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу» 201-бабына сәйкес, аталған қылмыстық іс бойынша басқа мәліметтерді ұсыну мүмкін емес», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Ұлттық экономика министрі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны 2017 жылдың қаңтарында ұстады.
Дереккөз бен мәтін: Azattyq Rýhy.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!