Facebook-те коронавирусқа қарсы вакцина алмаған балаларды мектепке кіргізбейтінін, ал вакцинадан бас тартқан мектеп оқушыларын білім алу конституциялық құқығынан айыратыны туралы хабарлама тарады. Бұл ақпарат — жалған, деп хабарлайды stopfake.kz сайты.

Бұл туралы inform.kz  хабарлады.

Хабарламада автор Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзін негізге алады. 19 шілдеде «Хабар 24» телеарнасының эфирінде министр Қазақстанға Pfizer/BioNTech өндірген COVID-19-ға қарсы вакцинаны жеткізу жоспары жайлы баяндады. Қазір бұл препарат клиникалық сынақтардан өтіп, 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакциналау үшін мақұлданған. Алайда, бұл біздің елімізде 12 жастан асқан оқушыларға вакцинация міндетті болады және онсыз балалар мектепке бара алмай, кемсітушілікке ұшырайды дегеннің белгісі емес. Алексей Цой мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Біріншіден, Pfizer/BioNTech вакцинасының алғашқы партиясы осы жылдың қазан айында, яғни оқу жылы басталғаннан кейін әкелінуі мүмкін. Екіншіден, денсаулық сақтау министрінің өзі хабарлағандай, балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналау тек ерікті түрде ғана жүргізіледі және кәмелетке толмағандар ата-аналарының келісімімен ғана егіледі. Демек, екпе салдырмаған балаларды білім алуға конституциялық құқығынан айырады деген қауесет негізсіз және шындыққа жанаспайды. Қазақстандық оқушылар вакцинация мәртебесіне қарамастан білім алатын болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!