Фото: Абзал Алпысбайұлы
Көкшетауда әлемге әйгілі зерттеуші, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың ескерткіш-бюсті қоқыста жатыр. Қаланың шеткі аймақтарының бірінде қоқыс үйінділері мен гараждардың арасынан табылған ардақты тұлға бюсті бұлай жатқаны қоғамның назарын аударып, қала тұрғындарының ащы наразылығын тудырды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бюстті тауып алған қала тұрғыны – Аслан Төлегенов. Оның айтуынша, Шоқан Уәлихановтың бюсті суға батырып жіберген адам сияқты, басына тоз-тоз болған лас көрпеге орап, сыртынан сыммен байлап тастаған.
«Қала ішінде Хасенов гараждарында қоқыстар мен гараждардың арасында ескерткіш жатқаны туралы сыбыс желдей ескен еді. Соны анықтап білейін деп арнайы барғанмын. Ескерткіш-бюст патшалық ресей кезіндегі формамен тұрған Шоқан Уәлихановтың ескерткіші болып шықты. Бұрын оның қайда болғаны маған белгісіз. Қандай себеппен тасталғаны, ескі жарылған көлік дөңгелектерінің астында жатқанын анықтауға тиіспіз. Ескерткішті суға батқан адам тәрізді ескі жырым-жырым болған көрпемен орап, сыммен сыртынан байлап тастаған. Ескерткіш қоқыстың арасында жатыр», – дейді ол.
Халық арасында халықтың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың бюсті қоқыс арасында жатқаны ащы наразылық туғызды.
«Осылай тарих та ұмытылады. Содан кейін ешкімге белгісіз жаңасы пайда болады», «Өз тарихын білмейтін және құрметтемейтіндердің болашағы болмайды», «Тарихты бұлай қорлауға болмайды. Бұл біздің ата-бабаларымыз олар туралы естеліктерді сақтауымыз керек», «Қазақ халқының ұлы тұлғасы ғой. Бұл қалай болғаны?», – деп жазды тұрғындар.
Шоқан Уәлиханов атындағы университеттен бұл жағдай туралы анықтамақ болдық. Өйткені дәл университет алдында Шоқан Уәлихановтың бюсті орналасқан. Университет өкілдері бұл бюсттің өздерінде болмағанын жеткізді.
«Шоқан Уәлиханов бюсті туралы ақпаратыңыз үшін алғыс айтамыз. Бұл бюст университетке тиесілі емес екенін хабарлаймыз. Біз оның қоқыс арасында қайдан тап болғаны туралы ақпаратымыз жоқ. Қазіргі уақытта университет бюстті университетке алдыру бойынша барлық қадамды жасап жатыр. Біз Қазақтың ұлы зертеуші тұлғасы Шоқан Уәлихановтың қоқыс арасында жатуына жол берілмеуі тиіс деп санаймыз», – деді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өкілдері.
Бұл жағдай бойынша одан әрі білмек мақсатта Ақмола облысының мәдениет басқармасына жүгіндік. Ведомство мәліметінше, бюст жеке коллекция жүргізген Мейрам Қойшыбаев деген адамға тиесілі.
«Қалалық әлеуметтік пабликтерде Шоқан Уәлиханов мүсінінің тиісті түрде сақталмағаны туралы ақпарат тарады. Алайда ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені бюстті суретші Мейрам Қойшыбаев өз коллекциясы үшін істеген, жеке меншік коллекциясында болған. Мүсінші қайтыс болғаннан кейін бюстті оның жақындары жекеменшік аумаққа тасымалдаған», – дейді Ақмола облысының мәдениет басқармасы өкілдері.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!