Су – тіршілік нәрі. Агроиндустриясы дамыған өңір ретінде Сыр елінде бұл тақырып тым тереңдей түсетіні анық. Әсіресе, су тапшылығы тақырыбы мінберден түспей тұр. Тұтас өңірдегі ауыл шаруашылық алқаптарын табиғаттың кәусар байлығымен қамтамасыз етіп, барлығына үлестіріп отырған мекеме «Қызылордасушар» өндірістік учаскесіне барғанбыз. Мұнда жас мамандар да еңбекке араласып, жазда алқап басында, қыста дария дамбысының бойында жұмыс істеуде. Өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Мерхат Әнуарұлымен тілдесіп, жұмысының жай-жапсарымен танысып қайттық.
– Мерхат Әнуарұлы, салада қанша уақыттан бері жұмыс істейсіз?
– Мен мұнда 2018 жылдан бері жұмыс істеймін. Әдепкіде маман болдым, кейін инженер, аға инженер-гидротехник болып еңбек еттім. Жұмыстың қызығы да, шыжығы да болады. Бірақ өз мамандығыңды сүйсең, өз ісіңе құрметпен қарасаң, барлығы қолдан келеді. Сондықтан әуелі адам өз ісін сүю керек. Рас, бізде қиын кезеңдер болады. Жаздың аптап ыстығында алқаптарды аралап, су деңгейін көресің, заңсыз су алғандардың жолын кесесің… Бірақ соның арғы жағында сол суды елдің барлығына тиесілі деңгейде жеткізу мақсаты тұрады.
– Сонда тұтас Қызылорда облысының шаруа қожалықтарын қамтамасыз етесіздер ме?
– Жо-жоқ, бізде аумақтық бөліністер бар. Мәселен, біз Қызылорда қаласына жақын маңдағы ауылдарды аяқсумен қамтамасыз етеміз. Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Баймұрат батыр, Қоғалыкөл, Ақсуат ауылдық округтеріндегі егін шаруашылығын мысалға алсақ болады. Олар мекемемен келісімшартқа отырады. Суын тиесілі мөлшермен жеткіземіз. Сәуір айынан тамыз айының аяғына дейін егіннің суы – біздің мойнымызда.
Қызылордада көп егілетін дақыл – күріш. Судың басым бөлігін, тіпті толық осы дақылға жұмсаймыз десек те болады. Қазір «Биллинг» жүйесі қанша су кететінін автоматты түрде өлшеп береді. Біз сағадан су ашамыз, ол күріш алқабына барамын дегенше шығын да болады. Соның барлығын есептеп, алқапқа жетуін қамтамасыз етеміз.
Бүгінде «Биллинг» жүйесімен 47 шаруашылық келісімшартқа отырып, су пайдаланып отыр.

– Суды үнемдеу бағытында қандай жұмыс істеп жатырсыздар? Мәселен, каналдардың барлығына лоток қойса, қалай?
– Әрине, үнемдеуге көп ықпал. Бірақ ол лотоктарды пәленбай шақырым ұзындықтағы каналдарға, су жүретін жолдарға қоюдың өзі миллиардтаған теңге. Қала көлемінде үлкен каналдар бар. Соларды бетондауға ұсыныс беріп жатырмыз. Байқадам, Ардақ, Алтынбай, Ешпан, оң жаға магистраль тәрізді каналдар – сол ұсыныс берілгендер қатарында. Оның барлығы уақытты алады. Осылай жайлап ретке келтіріп алуға болады.
Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын вегетациялық кезеңге дейін шаруа қожалықтарға ішкі каналдарды қамыс, қоғадан тазартыңыздар деп хат жолдаймыз. Егер каналдың іші таза болса, суды ұстамайды. Бұл да үнемдеудің жолы. Содан соң лазерлік тегістеу жасаңыздар деп айтып жатырмыз. Мұның да пайдасы көп. Атыз тегіс болады, су да біркелкі барады, оның арғы жағында өнімнің мол болатыны да бар. Қазір көп шаруашылық атыздарын лазермен тегістеп жатыр.
– Рұқсатсыз су алып жатқандарға байланысты не айтасыз? Мұндай қиын кезеңде олардың әрекеті қылмыспен тең шығар…
– Мынадай жағдай болды. Жайылымдық, шабындық жерге рұқсатсыз егін еккен шаруа қожалық анықталды. Барып, жағдайды анықтап, содан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хат жолдадық. Басқармадан арнайы техника алып, әлгі шаруа қожалықтың сағасын жауып тастадық. Кейін тағы араладық, олар тағы ашып алыпты. Біз қайта барып, бөгеп тастадық. Егілген дақылы далада қалды.
– Нысаналы мақсатын өзгертіп, егістік жер етіп, келісімшартқа отыра алмай ма?
– Жоқ, «Биллинг» жүйесі жердің кадастрлық нөмірі арқылы барлық мағлұматын біледі. Қазіргідей су жетпей жатқан жағдайда егістік көлемін арттыруға рұқсат жоқ. Керісінше, қазір жыл сайын күріш көлемі қысқарып, орнына суды аз қажет ететін дақылдарды егіп жатырмыз. Өткен жылы облыста күріш алқабының көлемі 85 000 гектар болса, биыл 70 мың гектар болды. Сөйтіп, қысқарта отыра біз қосымша жерлерге бей-жай қарай алмаймыз.
Тағы бір айтатыны, біз облыстық филиалға бағынамыз. Олар бізге заңсыз шаруа қожалықтар болмасын, анықтаңыздар деп тапсырма береді. Жылда біз осы дағдыдамыз. Егер де рұқсатсыз су алып жатқандар болса, біз мекемеден арнайы техника алып, басына барып, сағасын жабамыз. Күн сайын бақылауда ұстаймыз. Ашса, қайта жауып тастаймыз. Ол бәрібір жұмыс істей алмайды. Тіпті артық гектарлап егіп жатқандар болса да, назардан тыс қалмайды. Жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімдері арқылы мұның барлығын бақылауда ұстаймыз.
– Биылғы су деңгейіне байланысты не айтар едіңіз?
– Су деңгейі жылдан-жылға азайып барады. Былтырдан жақсы. Өткен жылы әрбір шаруашылық кезектесіп суарды. Барлығы бірдей су алса, жетпей қалатын. Биыл ондай кезек жоқ. Шіркейлі арнасының өзінде өткен жылы кезек болды. Қызылорда қаласы мен Сырдария, Жалғаш, Қармақшы аудандары өзара кезектесті. Бес күн Қызылорда қаласы аумағы мен Сырдария, бес күн біткен соң жеті күн Қармақшы мен Жалағаш алды. Олар неге жеті күн десеңіз, біріншіден күріштің гектары көп, екіншіден каналдың мойны ұзын. Ол жаққа су барам дегенше, көтерілем дегенше уақыт өтіп кетеді.
– Мерекелеріңіз құтты болсын! Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Дәулет Қырдан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!