Сырбойылық NIS түлектері сүйікті мектепте бас қосты.

– NIS мен үшін – үлкен отбасы. Жоғары оқу орнына түсуге және бейімделуге, ғылыми жұмыстармен айналысуға қажетті білім мен дағдыларды осы мектептен алдым, – деп бөлісті түлектер форумында Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектептің 2021 жылғы түлегі Ринат Керімсал.

Ринат бірден әлемнің алты беделді университетінен шақырту алды. Оның таңдауы Назарбаев Университетіндегі халықаралық қатынастар және саяси ғылымдар мамандығына түсті. Ол түлектер форумында болашақ талапкерлерге оқуға түсу талаптары мен дайындық бағыттарын жан-жақты түсіндірді.

Пенсильваниядағы Дрексель университетінің студенті Қаламқас Айдарбекова АҚШ-та тегін білім алу тәжірибесімен бөлісті. Ал Шахризада Айтбай венгриялық Дунауйварош университетіне толық грант алу туралы айтып берді. Ол мектептің беріп жатқан барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, мамандық таңдауда қателеспеу керектігін алға тартты:

– Мен инженерия және менеджмент бағытын таңдадым. Бүгінде қазақстандық компанияның логистикалық саласын зерттеп жатырмын. Негізгі проблемаларын айқындап, шешу жолдарын қарастырудамын. Келешекте магистратура бағдарламасы бойынша білімімді жетілдіріп, еліміздің дамуына үлес қосуды мақсат етіп отырмын.

Alumni NIS қауымдастығының бастамасымен өткізілген «SAMGAU» форумына Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепті әр жылдары бітірген 50-ге жуық түлек қатысып, жоғары сынып оқушыларына тақырыптық сессиялар өткізді. Мектептің 2019 жылғы түлегі Алтынай Әбдіжәміл оқушыларға Alumni NIS ұйымының жұмыс бағыттарын баяндап, мүше болуға шақырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!