Нұр-Сұлтан қаласында 8-қабаттан құлап бара жатқан қызды құтқарғандардың қатарына тағы бір азамат қосылды. 19 жастағы Нұрайдын Марат сол күні Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиевтің қасында терезені итеріп, ұстап тұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2003 жылы туған Нұрайдын Қызылорда облысы Қазалы аузанының тумасы. Өзі Қарағанды университеті, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің 2-курс студенті. Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді. Оқиға болған күні емтихан тапсыру үшін Қарағандыға жолға шыққалы тұрған.
«Сессияға асығып тұрдым. Ол жағдай таңғы сағат 10 шамасында болған. Мен түске қарай Қарағанды қаласына кетіп қалдым», – деген Нұрайдын оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
«Сол күні ағам екеуміз жұмысқа шығайын деп такси шақырып қойғанбыз. Бір кезде қыздың жылаған даусы естілді. Жан-жағымызға қарап, ілініп тұрған қызды көрдік. Ағам бірден 8-қабатқа жүгіріп кетті, мен тосылып тұрып қалдым.
Кейін бір әйел кісімен ішке кірдім. 8-қабатқа барғанда, есікті ашуға тырысқан адамдарды көрдім. Олар мені 7-қабатқа жіберді. Бірінші қателесіп басқа пәтерге кіріп кетіппін, кейін екіншісіне бардым. Балконнан қарасам, қыз тұр екен. Төменде тұрған кісілер «терезені теуіп көр» деді.
Терезені ұрдым, сынбады. Сол уақытта Сәбит пен Сағи деген кісілер келді. Сәбит деген кісі ойланбастан терезеге шықты да, теуіп көрді. Бұзыла қоймады. Артынша терезеге шықты. Мен не істерімді білмей, тосылып тұрып қалдым. Біз Сағи деген кісімен бірге көмектестік», – дейді жас жігіт.
Сағи Сәбиттің аяғынан, ал Нұрайдын терезені итеріп, ұстап тұрған. Жігіт кішкентай қызға жасаған бұл жақсылығын жария етіп айтпаған. Тек жанындағы достарына баяндапты, олардың өзі сенбеген. Ал Сәбит пен Сағи берген сұхбаттарында үшінші жігіттің болғанын атап өткен. Тек Нұрайдынның кім екенін білмегендіктен, аты аталмай қалған көрінеді.
Еске салсақ, Сәбит Шонтақбаев 11 мамыр күні досы Сағи Жылқышиевпен бірге сегізінші қабаттың балконында ілініп тұрған үш жасар қызды құтқарды. Осыдан соң отандық құрылыс компаниясы Шонтақбаевқа үш бөлмелі пәтер сыйлады. Нұр-Сұлтан әкімі Сәбит Шонтақбаевқа несие алуға және жұмысқа тұруға көмек берілетінін айтқан еді. Сондай-ақ Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиевті ерліктерінен кейін Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы марапатпен марапаттады. Кейін Сағи Жылқышиевке де екі бөлмелі пәтер тарту етілді. Қызылордалық кәсіпкер Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасына бір миллион теңге табыстады. Ал терезеден құлап кете жаздаған үш жасар қыздың анасы сол күні қайда болғанын, қызды неге жалғыз қалдырғанын түсіндірді.
Оқиғаны видеоға түсірген Бақыт Четенова болса “маған ешкім алғыс айтпады” деп ренжіген еді. Кейін алматылық Дулат есімді кәсіпкер мен ақын Сара Тоқтамысова әйелге ерекше сый жасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!