Өндіріс дегенде көз алдымызға алып цехтар, алып техникалар, тынымсыз қозғалыстағы механизмдер мен маңдай терін төккен жұмысшылар елестейді. Алайда өндірістің қалыпты жұмыс істеуіне үлес қосатын еңбектің бәрі бірдей көзге көріне бермейді. Бірі қондырғыны басқарады, бірі оның техникалық жағдайын бақылайды, енді бірі өндірістен бөлінетін шаң мен газды тазартатын жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Әрқайсысының атқаратын міндеті бөлек болғанымен, ортақ мақсаты бір – өндірістің қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне өз үлесін қосу.

Осындай жауапты жұмыстың бір тетігін бірнеше жылдан бері Аслан Әлиев атқарып келеді. Ол 2022 жылдан бері «Қазақмыс» корпорациясында шаң ұстағыш газ қондырғыларының операторы болып еңбек етіп жүр.

– Менің негізгі міндетім – өндірісте пайда болатын газдар мен ауаны шаңнан, түрлі зиянды қоспалардан тазартатын қондырғылардың жұмысын бақылау және оларға қызмет көрсету. Бұл – үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі қондырғылардың дұрыс әрі үздіксіз жұмыс істеуі өндірістің қауіпсіздігіне, қоршаған ортаның тазалығына және жалпы өндірістік процестің тұрақтылығына тікелей байланысты.

Жұмыс барысында қондырғылардың техникалық жағдайын үнемі бақылап, көрсеткіштерін қадағалаймыз. Ақау байқалса, оны дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдануымыз керек. Сондықтан бұл қызметте ұқыптылық пен жауапкершіліктің маңызы зор, – дейді ол.

Аслан Әлиевтің «Қазақмыс» корпорациясындағы еңбек жолына төрт жылдан астам уақыт болған. Осы аралықта ол өндірістің тыныс-тіршілігіне бейімделіп қана қоймай, өз ісінің жауапкершілігін де терең түсінген. Маманның айтуынша, өндірістегі жұмыс уақыттың басталуымен ғана өлшенбейді. Қауіпсіздікке дайындық, жұмыс жоспарын нақтылау, тапсыр- маларды алу, қажетті қорғаныс құралдарын кию – мұның барлығы жұмыс процесінің ажырамас бөлігі.

– Менің жұмыс кестем – бес күндік. Дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істеп, екі күн демаламын. Жұмыс уақытым таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін. Жұмыс орнына келгеннен кейін ең алдымен қауіпсіздік талаптарына сәйкес арнайы жұмыс киімдерімізді киеміз. Одан кейін жұмысшыларды бөлу орнына барып, сол жерде тиісті тапсырмаларды аламыз. Алда тұрған жұмыстарды нақтылап, қауіпсіздік ережелерін сақтау жөніндегі нарядқа қол қойғаннан кейін ғана жұмыс орнына барамыз.

Жұмыс барысында қондырғылардың жағдайын үнемі бақылап отырамыз. Атап айтқанда, қысым мен температура көрсеткіштерін қадағалаймыз. Қондырғылардан қандай да бір ақау немесе қалыптан тыс жағдай байқалса, оны дер кезінде анықтауға тырысамыз. Сонымен қатар ауысымдық журналға қажетті көрсеткіштерді уақытылы жазып отырамыз.

Сүзгілерді тазалау, қажет болған жағдайда ауыстыру секілді жұмыстар да біздің міндетімізге кіреді. Жалпы, бұл жұмыста бір сәтке де немқұрайлылық танытуға болмайды. Қондырғының әрбір көрсеткіші маңызды. Сондықтан жұмыс барысында үнемі мұқият болуға тырысамыз, – дейді жас маман.

Асланның айтуынша, кәсіпорында қауіпсіздік талаптары өте қатаң сақталады. Жұмысшы кәсіпорын аумағына кіргеннен бастап, жұмысын аяқтап, үйіне қайтқанға дейін түрлі талаптарды орындауы қажет.

Өндірістегі өлшеусіз еңбек иесі

– Өндірістегі қауіпсіздік талаптары өте қатаң. Біз үшін қауіпсіздік жұмысқа кірген сәттен басталып, жұмыс аяқталып, үйге қайтқанға дейін жалғасады деуге болады. Мәселен жұмысқа келген кезде ең алдымен алкотест, медициналық тексеріс секілді қажетті бақылаулардан өтеміз. Ал жұмыс барысында жеке қорғаныс құралдарын міндетті түрде пайдаланамыз. Каска, маска, арнайы етік, көзілдірік, жұмыс киімі, қолғабымызға дейін түгел болуы керек. Олардың әрқайсысының өзіндік мақсаты бар. Арнайы киімдеріміз қышқылға төзімді, химиялық әсерден қорғайтын материалдардан жасалған.

Бұдан бөлек, еңбек қауіпсіздігі, өндірістік қауіпсіздік және экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаймыз. Мысалы, арнайы белгіленген, кіруге тыйым салынған аймақтарға баруға болмайды. Әрбір жұмысты белгіленген тәртіппен орындау қажет.

Зауыттағы бір ғана қателіктің өзі үлкен зардапқа әкелуі мүмкін. Сондықтан өндірісте «тезірек аяқтау» деген түсінік болмауы керек. Қандай жұмыс болса да, асықпай, барлық талапты сақтап, барынша мұқият орындаған дұрыс. Өйткені қауіпсіздік ережесін бір рет елемеудің өзі өмір бойы өкінішке әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Бұл талаптардың барлығының астарында бір ғана мақсат жатыр – адам өмірі мен денсаулығын сақтау. Өндірісте қауіпсіздік ережесін сақтау тек өзің үшін ғана емес, қасыңдағы әріптесің үшін де маңызды. Бір адамның ұқыпсыздығы бірнеше адамның өміріне әсер етуі ықтимал. Маманның «зауыттағы бір қателік өмірлік өкінішке әкелуі мүмкін» деген сөзі де осы жауапкершіліктің салмағын аңғартады. Өндірісте бірнеше жыл еңбек еткен адам үшін түрлі оқиғалардың болуы заңды. Бірі қуаныш сыйласа, енді бірі сабақ болады. Асланның да есінде қалған жағдайлар аз емес.

– Өндірісте есте қалған оқиғалар көп. Әр жұмыс күнінің өз қиындығы, өзіне тән жағдайы болады. Сондықтан қайсыбірін бөліп айту оңай емес. Мысалы жұмыс барысында химиялық қоспаға күйіп қалғаным маған өндірістегі қауіпсіздік талаптарының қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет түсіндірді. Кейде адам жұмысқа үйреніп кеткен сайын кейбір дүниелерді қалыпты нәрсе ретінде қабылдай бастауы мүмкін. Бірақ өндірісте оған жол беруге болмайды. Сол жағдайдан кейін жұмыс кезінде әрбір әрекетіме бұрынғыдан да мұқият қарайтын болдым. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – жай ғана қағаз жүзіндегі талап емес, адамның өз өмірі мен денсаулығын қорғауы, – дейді Аслан.

Шаң ұстағыш газ қондырғылары операторының жұмысы көп жағдайда өндірістің негізгі процесінен бөлек тұрғандай көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде оның еңбегі өндірістің қауіпсіздігі мен экологиялық талаптарын қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігі. Ауқымды міндеттердің уақытылы орындалуы тек жаңа технологиялар мен заманауи жабдықтарға ғана емес, сол жабдықтарды күнделікті басқаратын мамандардың білімі мен жауапкершілігіне де байланысты. Өйткені ең озық қондырғының өзі оны дұрыс басқаратын, көрсеткіштерін бақылайтын, ақауын дер кезінде байқайтын мамансыз жұмыс істей алмайды. Осы тұрғыдан алғанда Асланның еңбегі – өндірістегі үлкен жүйенің көзге көрінбейтін, бірақ маңызды бөлшегі.

– Бұл мамандық ең алдымен адамды тәртіпке және жауапкершілікке үйретеді. Өйткені өндірісте өзіңнің ғана емес, қасыңдағы әріптестеріңнің қауіпсіздігіне де жауапты боласың. Бір адамның ұқыпсыздығы басқа адамдарға да әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар бұл сала адамды үнемі үйренуге, кәсіби тұрғыдан дамуға жетелейді. Өндірісте тәжірибе жинаған сайын өзіңнің де білімің артып, жұмыстың қыр-сырын тереңірек меңгере бастайсың. Сондықтан мұнда жеке дамуға мүмкіндік мол деп ойлаймын.

Әрине, жас буынға бұл саланы таңдауға кеңес беремін. Әсіресе еңбекке жауапкершілікпен қарайтын, жаңа дүниені үйренуден қорықпайтын жастар үшін өндірістің мүмкіндігі көп. Мұнда кәсіби тұрғыдан өсуге, тәжірибе жинауға, өзіңді маман ретінде қалыптастыруға жағдай бар, – дейді ол.

Өндірістегі өлшеусіз еңбек иесі

Аслан – өндірістегі жауапты маман ғана емес, бір шаңырақтың отағасы, екі қыздың ардақты әкесі. Жұмыстағы тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған ол отбасында да перзенттеріне үлгі болуға тырысады. Таңертең жұмысқа асыққан әке кешке үйіне оралғанда, өндірістегі қарбаластың орнын бала күлкісі басады. Өндірісте қауіпсіздікке қалай мән берсе, отбасында да бала тәрбиесіне сондай байыппен қарайды. Оның түсінігінде ер азаматтың міндеті тек отбасын асыраумен шектелмейді. Балаларына адал еңбектің қадірін көрсету, жауапкершілікті үйрету, қандай істі болса да тиянақты атқаруға баулу – әкелік тәрбиенің маңызды бөлігі.

Кейіпкеріміздің еңбек жолы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ осы қарапайым әрекеттердің артында үлкен жауапкершілік жатыр. Өндірістің үздіксіз жұмысы кейде дәл осындай күнделікті, көзге түсе бермейтін еңбектің нәтижесінде қамтамасыз етіледі. Оның әңгімесінен бір нәрсе анық байқалады, ол өз мамандығын тек күнкөріс көзі ретінде емес, жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін маңызды кәсіп ретінде қабылдайды. Ал кез келген өндірістің мықтылығы да осындай мамандардан басталады. Өйткені зауытты тек алып ғимараттар мен күрделі механизмдер емес, сол механизмдердің әрбір дыбысын, әрбір көрсеткішін бақылап, өз міндетін үнсіз әрі тиянақты атқаратын адамдар ұстап тұр.

Аслан Әлиев – сол еңбектің қарапайым да жарқын өкілдерінің бірі. Оның еңбек жолындағы басты ұстанымы да осыған саяды, қандай жұмыс атқарсаң да, оны жауапкершілікпен орындау. Ал өндірістегі жауапкершілік – ең алдымен қауіпсіздіктен басталады.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!