Құрдасым Айболаттың қос қызы мен жасы үшке жақындаған ұлының «әке», «әке» деген былдырынан кейін басталған пост еді ғой бұл. Біздің қатарлар «папа» мен «маманы» айтып өсті. Әке деп еркелеп, анашым деп мойнына асылғанын, солай атағанын мүлде кездестірмедім десем де болады. Шыны керек, өз басым осы атауларды тек газеттен не көркем әдебиеттен ғана оқитынмын. Көбінде солай болды да. Есесіне, есейген шақта шешесін «махан», әкесін «пахан» дейтін бос кеуделер көбейді. Сөзім ауыр болса, кіжінбес бұрын мынаған көңіл аударсақ деймін.
Біріншіден, бүгінгі сәбилерге қазақтың өз жақындық атауларын айтуда отбасыдағы жаңа үрдістің себепші болуы. «Папа» мен «маманы» жат жұрттың тілі деп ұққан жас отбасы жарық дүниеге келген көз қуаныштарын осылай төл сөзімізбен тәрбиелей бастапты. Бұған қуанбасақ, ренжудің түк қажеті жоқ. Сондай-ақ тілін әке, ана деп ашқан (папа, мама деп емес) баланың әрі қарай дамуына кейбір қазақы мултьфильмдердің де әсері мол.
Екіншіден, бұл екеуі де (мама, папа) орыстан емес, барлық тілде кездеседі. Сөздікті ақтарсаңыз, грек, латыннан аударсаңыз, папа –діни лауазымның ең көрнектісі. Ал мама – бала емізетін әйел. Жалпылама мағынасы солай.
Үшіншіден, «мама» сөзінен тым қатты шошынудың қажеті жоқ. Түркі тілдес, әсіресе, қазақта, мама сиыр, мама бие сөзін сізде естігенсіз. Егер көркем әдебиетті көп парақтасаңыз.
Анықтама ретінде айтсақ, мама бие – ең көп құлындаған бие. Сиыр да солай. Көне сақ дәуірінде қолданылған «мама» сөзі желін деген мағынаға саяды.
Айтпақшы, көп құлындаған биені «қасаба» деп те атапты. Қасабалы бәйбіше. Осындай да сөз тіркесін әдебиетте кездестіресіз. Көп балалы шешелерді бұрынғы қазағың осылай да атаған ғой.
Мама ағаш дейді. Әлгі биелерді сауылар кезде байланар ағашты осылай атаған деп беріпті сөздікте. Тіпті жүз жасаған кәрі талды «мама ағаш» деп те көрсеткен.
Бір сөздің бастауы біраз жерде жатыр. Тым алыста. Оқып, ақтарсаңыз, жетіп жатыр.
Ержан ҚОЖАС
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!