Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №522 Жарлығына сәйкес, мемлекеттік органдар үшін басты басымдық – азаматтардың сұранысына жедел әрі мұқият жауап беретін сервистік модельге көшу болып айқындалған.
Бұл бағытта мемлекет азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ олардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайтуға ерекше мән беріп келеді.
Осы міндеттер аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты келіп түскен шағымдарды қарау нәтижесінде Департамент тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды.
Атап айтқанда, жоспардан тыс тексерулер негізінде 8 қызмет алушының, сұрау салу арқылы 1 азаматтың, сондай-ақ жоспарлы тексерулер нәтижесінде 1475 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Соның бір нақты мысалы ретінде ағымдағы жылдың екінші тоқсанында тіркелген жағдайды атап өтуге болады. Департаментке Шиелі ауданының тұрғыны – жеке кәсіпкер тарапынан «Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау және қайта бейіндеу) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» мемлекеттік қызметіне қатысты шағым келіп түсті.
Аталған шағым негізінде Шиелі ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне (бұдан әрі – Бөлім) жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында Бөлімнің жеке кәсіпкердің өтінішіне негізсіз бас тартқандығы анықталды. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкердің меншігіндегі жер учаскесі Шиелі кентінің аумағында орналаспағанына қарамастан, Бөлім тарапынан кенттің бас жоспары мен зираттың санитариялық қорғау аймағы негізге алынып, қызмет алушыға негізсіз бас тарту берілген. Бұл өз кезегінде кәсіпкерді орынсыз әуре-сарсаңға салған.
Тексеру қорытындысы бойынша Департамент тарапынан Бөлімге бірқатар нақты ұсынулар енгізілді. Атап айтқанда, жеке кәсіпкердің бұзылған құқықтарын толық қалпына келтіру, қызметкерлер арасында мемлекеттік қызмет көрсету заңнамасының сақталуы бойынша түсіндіру жұмыстарын (семинарлар) ұйымдастыру, заң бұзушылыққа жол берген жауапты тұлғаның тәртіптік жауапкершілігін қарау және негізсіз бас тартуға жол берген лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтыру ұсынылды.
Алайда Бөлім басшысының міндетін атқарушы өз кінәсін мойындамай, Департамент ұсынуымен келіспеген. Осыған байланысты жинақталған әкімшілік іс материалдары Шиелі аудандық сотына жолданды. Соттың қарауы нәтижесінде лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 90 825 теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы қаулы шығарылды.
Нәтижесінде, Департаменттің ұсынуына сәйкес жеке кәсіпкерге жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) беріліп, оның бұзылған құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. Сонымен қатар, Департаментпен Бөлімге енгізілген ұсыну толықтай орындалды.
Егер, Сіз мемлекеттік қызмет алу процесінде Заңнама талаптарының сақталмағанына куә болсаңыз, яғни мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бұзылса, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылса, артық құжаттар талап ету дерегі орын алса немесе мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі бұзылса, Өзіңіздің құқығыңызды Департаментке шағымдану арқылы қорғай аласыз. Біздің мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1.
Байланыс нөмірлері: 8 (7242) 70 56 36, 8 (7242) 70-00-40.
З. Арынова,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!