28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні және баспасөз қызметінің құрылғанына 10 жыл толуы аясында «Тіршілік тынысы» газеті ұжымының ұйымдастыруымен «Тарихы кенен, беделі биік басылым» тақырыбында мерекелік кеш өтті. Тағылымы мол іс-шараға «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, «Баспасөз» бөлімінің меңгерушісі Ерлан Бегалиев және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, сала мамандары мен ардагерлері, баспасөз қызметінің тасымалдаушылары қатысты.
Мерекелік кешті ашқан «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, «Баспасөз» бөлімінің меңгерушісі Ерлан Бегалиев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мереке мен баспасөз қызметінің 10 жылдық мерейлі күнімен құттықтады.
– Баршаңызды 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен және баспасөз қызметінің құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Ақпарат саласында абыройлы еңбек етіп жүрген барша маман үшін мәні зор, мерейлі мереке екенін айта кеткен дұрыс. Себебі журналистика – ел мен жұрттың арасына алтын көпір орнататын, қоғамның тыныс-тіршілігін таразылап, халықтың үнін жеткізетін маңызды сала. Ал баспасөз қызметі – сол ақпараттың дер кезінде, жүйелі әрі сапалы түрде оқырманға жетуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жауапты құрылым. Осы ретте, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымын кәсіби мерекемен және баспасөз қызметінің 10 жылдық белесімен құттықтай отырып, ауданның ақпарат кеңістігін қалыптастыру жолындағы табанды еңбектеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін! Тарихы терең, тағылымы мол бұл басылым – ел өмірінің айнасына айналған, ауданның тыныс-тіршілігін, жетістігі мен жаңалығын оқырманға уақытылы жеткізіп келе жатқан беделді басылымның бірі. Бүгінде «Сыр медиа» серіктестігі – облыстың ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны бар іргелі құрылым. «Тіршілік тынысы» газетінің де өзіндік қолтаңбасы, қалыптасқан оқырманы, орнықты бағыты бар. Бұл – ең алдымен, шығармашылық ұжымның кәсібилігі мен баспасөз саласында қызмет етіп жүрген әрбір маманның еселі еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, газет-журналды әр ауылға, әр шаңыраққа уақытылы жеткізіп жүрген тасымалдаушылардың еңбегі – үлкен құрметке лайық. Таңмен таласа еңбекке араласып, тұрғындарды мерзімді басылыммен қамтып жүрген жандардың қызметі – төзім мен жауапкершілікті, тиянақтылық пен жанашырлықты қажет ететін жұмыс. Олар – оқырман мен редакция арасындағы алтын арқау, ақпарат пен елдің арасын жалғап жүрген жанкешті мамандар. Сондықтан баспасөз қызметінің 10 жылдық белесі – тек бір құрылымның мерейтойы ғана емес, осы салада маңдай терімен еңбек етіп жүрген жандардың қажырлы қызметіне берілген лайықты баға деп білемін, – деді Марат Жайылханұлы.
Айта кетейік, аталған іс-шараның ең әсерлі сәтінің бірі – марапаттау рәсімі болды. Баспасөз қызметінде бірнеше жыл бойы абыройлы еңбек етіп, газет тарату ісіне үлес қосып жүрген бірқатар маманға «Сыр медиа» ЖШС директорының арнайы құттықтауы табысталды. Марапат төрінен көрінген жандар қатарында Айдарлы, Шаған, Сәкен Сейфуллин, Іңкәрдария, Қоғалыкөл, Қалжан ахун, Шіркейлі, Аманкелді, Ақжарма, Асқар Тоқмағанбетов, Жетікөл, Нағи Ілиясов елді мекені мен Тереңөзек кентінде газет тасымалдап жүрген жандар бар. Сала ардагерлері де арнайы құрметке бөленді. Жылдар бойы елмен етене араласып, басылымның уақытылы жетуіне үлес қосқан жандарға көрсетілген шынайы ілтипаттың көрінісі екені айқын.
Кеш аясында аудандық газетте сан жыл бойы тілші, бас редактордың орынбасары, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарған білікті маман, қарымды журналист Бибісара Жанәліге де ерекше құрмет көрсетілді. Елу жас мерейтойымен тұспа-тұс келген кәсіби мерекеде әріптестері оның журналистикадағы жемісті еңбегін, ұжымдағы орны мен қаламгерлік қарымын айрықша атап өтті. «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали мерейтой иесіне жүрекжарды лебізін арнап, ұжым атынан зор ілтипат танытты. Басылымның өзге де мамандарына мерекелік сыйлық ұсынылды. Мерекелік кеште сөз алған «Тіршілік тынысы» газетінің баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова мен сала ардагерлері Орынкүл Жұманазарова, Гүлсім Жалмұрзаева баспасөз саласының өткені мен бүгіні, газет тарату қызметінің жауапкершілігі жайында тебірене әңгімеледі. Олар өз сөздерінде газет – тек ақпарат көзі ғана емес, елдің рухани айнасы, ұлттың үні екенін айтып, осы жолда еңбек етіп жүрген барша маманға табыс тіледі.
Осы ретте аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік кешті әнмен әрлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл басқосу – кәсіби мерекені ұлықтаған тағылымды іс-шара әрі ел игілігі жолында үнсіз еңбек етіп жүрген газет таратушылардың, сала ардагерлерінің, журналистердің еңбегін бағалаған ерекше сәт болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!