Жаз мезгілі басталысымен су айдындары маңындағы демалушылар саны күрт артады. Аптап ыстықтан сая іздеп, өзен-көл жағасына ағылған тұрғындар үшін шомылу – демалыстың ажырамас бөлігі. Алайда қауіпсіздік талаптарын елемеу мен бейқамдық кей жағдайда адам өміріне қауіп төндіріп, орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Сондықтан судағы қауіпсіздік мәселесі қоғам назарынан ешқашан тыс қалмауы тиіс.

Осыған орай,16 маусым күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік» тақырыбында кездесу өткізіліп, қала аумағындағы су айдындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Кездесуге төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қатысып, өңірдегі судағы қауіпсіздік ахуалы, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар және құтқару қызметтерінің дайындығы жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан туындайды.

Жиында балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Себебі жазғы демалыс кезінде балалардың су жағасында қараусыз қалуы түрлі қауіп-қатердің туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға балаларды бақылаусыз қалдырмау және қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жөнінде маңызды ескертулер жасалды.

Судағы қауіпсіздік: алдын алу шаралары мен жауапкершілік мәселелері талқыланды

Бүгінде Қызылорда қаласында тұрғындардың қауіпсіз демалуына арналған 2 ресми жағажай жұмыс істейді. Сонымен қатар судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күн сайын сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметтер тұрақты бақылау жүргізуде.

Рейд барысында белгіленбеген орындарда суға түсудің қауіптілігі жөніңде түрлі ескертпелері бар жерлерге көзбен шолып және аймақты бақылап көрдік. Себебі мұндай аумақтарда су түбінің жағдайы белгісіз болып, түрлі қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.

Айта кету керек, белгіленбеген су айдындарында шомылған азаматтарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты тиісті хаттамалар толтырылады.

Су – тіршілік көзі. Бірақ қауіпсіздік ережелері сақталмаған жағдайда ол үлкен қатерге айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өзінің және жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарап, тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылуы тиіс. Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ, ал оны сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Жақсыгүл Оразалиева,
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының
Қызылорда облыстық филиалыныңбаспасөз хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!