2025 жылға дейін орман алқаптарын қорғау мекемелерін техникамен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайту жөнінде шаралар қабылданып жатыр. 2023-2025 жылдарға орман және табиғатты қорғау мекемелерінің өрт сөндіру және патрульдік автомобильдермен қамтамасыз етілуін 100 пайызға жеткізу, өртті сөндіруге арналған арнайы киіммен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары орман шаруашылығы саласындағы жұмыскерлердің жалақысын кезең-кезеңімен 2 есеге өсіру мәселесі пысықталып жатыр», – деп жазды Ә.Смайылов Сенат депутатының сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының орман қоры аумағында 2 млрд түптен астам ағаш отырғызу және елді мекендер мен қалаларда 15 млн астам ағаш отырғызу арқылы елдегі орман алқабын 500 мың га ұлғайту туралы тапсырмасы орындалып жатыр. Осы орайда 2021-2025 жылдарға арналған орман өсіру алаңдарын ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарлар бекітілді.

«Орман шаруашылығы саласындағы мамандарды даярлау бағытында 2022 – 2023 оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде «өсімдіктер әлемі туралы» білім беру бағдарламасы тобы бойынша жалпы 530 грант және «орман шаруашылығы» білім беру бағдарламасына 210 гранты бөлінді», – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, орман шаруашылығы саласында жоғары оқу орнынан кейін мамандарды даярлау мәселесі бойынша осы оқу жылына «өсімдіктер әлемі туралы» және «орман шаруашылығы» білім беру бағдарламаларының топтары бойынша магистрлерді даярлауға 270 грант және РһD докторларын даярлауға 28 орын ескерілген.

Атап айтқанда, орман шаруашылығы кадрларын даярлауға арналған грант саны 19 пайызға өсті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, сенатор Айгүл Қапбарова Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында орман шаруашылығы саласын сақтау жөнінде бірқатар ұсыныс айтқан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!