«Үйлену үшін ұнату жеткілікті, ал отбасы болу үшін шыдам мен кешірім керек» деген үлкендер сөзі тегін айтылмағаны анық. Әр шаңырақтың өз ережесі, құндылық­тары, бақытты сәттерімен қатар белгілі бір түйткілді шақтары болады. Сондай сынақ сәттерде сүрінбеу үшін арнайы маманның көмегі қажет. Осы аптада отбасылық коуч, «Мен және отбасы» курсының авторы Сара Райымбекқызымен тілдесіп, тақы­рып­ты тарқатуға тырыстық.

− Елімізде отбасы психологиясы көп қозғала бермейтін тақырып екені рас. Шетелде әр отбасыда жеке психолог болу керек деген жүйе бар. Бізде бұл қызмет түрінің қолға алынбай келуінің себебі неде және саланың қазіргі даму қарқыны қандай? Сізден кеңес алушылар саны көп пе?

− Отбасы психологиясы біздің қоғамда әлі күнге дейін қалыптаспады деген пікірге келіспес едім. Қазір теледидар бағдарламаларының көбі дерлік психологтардың қатысуымен, мамандардың ақыл-кеңесімен өтеді. Осыған қарап-ақ елімізде аталған саланың дамып келе жатқанын байқауға болады. Бүгінде әлеуметтік желіде де психологтар қатары көбеюде, отбасылық коучтар да жетерлік. Шетелдегідей әр отбасыға бір психолог қызмет көрсетпесе де,  соңғы кезде жан дертін емдейтін мамандарға жүгінушілер баршылық. Мысалы, мен аптасына ең аз дегенде 4-5 келушіні қабылдаймын. Ал жеке курстарымды сатып алушылардың саны одан да көп. Әрі Sara_raiymbekqyzy деп ашылған инстаграм парақшамда да психологиялық кеңестер жариялап отырамын.

− Отбасы психологы болуыңызға не әсер етті? Салаға қалай келдіңіз?

− Психологияға ең бірінші өзімді тұлға ретінде тану, табу үшін келдім. Одан кейін отбасылық күйзелістерден шыққым келді. Алайда ол кезде барлық мәселені тек өзім шешемін деген жауапкершілік болыпты. Әйелдердің көбісінің курс алардағы, кеңеске жүгінердегі қателігі осы дер едім. Отбасы қатынасына екі жақ та үлес қосулары керек. Әйел де, ер адам да отбасын сақтау үшін бірдей еңбектенуі керек. Мұның бәрін сала маманы болғанымда түсіндім.

− Бүгінде жас отбасылар арасында қандай мәселелер жиі кездеседі? Оларды шешу жолдары қандай?

− Қазір жас отбасылар арасында бір-бірін тыңдай алмау мәселесі жиі түсінбеушілікке апаруда. Оған екі ересек тұлғаның түсінуге талпынбауы, жауапкершіліктің аздығы, махаббатты ғашықтықпен шатастыруы, сенімсіздік, қаржылық мәселелер де әсер етеді. Аталған жағдайды шешу үшін екеуара сөйлесіп, түсінуге тырысып бастау қажет. Барлық мәселеге жауапкершілікпен қараған дұрыс. Махаббат дегеніміз – қаншама жылдар аралығындағы екі адамның тынымсыз еңбегінің  жемісі, яғни екі жақ бірдей тату болуға, бір-біріне көмектесуге, қолдау көрсетуге дайын болғанда ғана  отбасында сезім сақталады. Егер мәселе ушықса, маманмен шешуге болады. Бұл жерде адамгершілік пен иман түсінігі де маңызды рөл ойнайды. Мүмкіндігінше екі тарап бір-бірінің хақысына кірмегені жақсы.

− Сала бойынша қалай ізденесіз, қайдан білім аласыз?

−  Көбіне Украина, Ресей елдерінен білім алып, біліктілігімді жетілдіріп отырамын. Байқасаңыз, қазір Қазақстанда да психологтарды оқытатын психотерапевттер бар. Сол кісілерден курстар алып, үздіксіз білім аламын.

− Бақытты отбасының формуласы қандай? Оған қол жеткізудің арнайы қағидалары бар ма?

− Бақытты болудың формуласы әр отбасыда әртүрлі. Себебі әрбір шағын мемлекеттің сыры, дәстүрі, таным-түсінігі өз алдына ерекше, қайталанбайтын түрлі қағидаларға ие. Алайда барлық отбасыда түсінісу, әңгімелесу, қабылдау, жеке шекараны бұзбау, құрметтеу, жауаптылық сынды ұстанымдар болса, оларды біріктіре түсетін ортақ контексттегі құндылықтар нақтыланса, әйел адам өзінің отбасыдағы рөлін ұмытпаса, ер адам шаңырақтағы жауапкершілікті түсінсе отбасы бақытты болады деп есептеймін.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!