Татулықтың тіні тарқамаса, жайлылық өздігінен орнайды. Демек, ымыраның ыдырамағаны жөн. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде жеке құраммен жұмыс жөніндегі тобының ұйымдастыруымен мазмұнды кездесу өтті. Тақырыптың өзегі – отбасы тыныштығы мен адам құқығын қорғау.

Озбырлық опа таптырмайды. Осы бағытта Қызылорда қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қызметі бөлімшесінің аға инспекторы полиция капитаны Айгүл Асанбаева өткір ойын ортаға салды. Оның айтуынша, заң талаптарын ғана емес, адамгершілік қағидатын да қаперден шығармау шарт. Қол көтеру – әлсіздік пен озбырлықтың көрінісі екені, мұндай әрекеттің заң алдында да, ар алдында да салдары ауыр болатынын қадап айтқаны да сол.

– Қызметкердің беделі тек кәсіби біліктілігімен емес, өмірлік қағидаттарымен де өлшенеді. Қандай жағдай болмасын, күш көрсету мен қысымға орын жоқ. Отбасындағы кикілжіңге қатысты түрлі дау-дамайды естіп те, көріп те, жаңалықтан хабардар да болып жүрміз. Өзекті өртейтін өкінішке ұрынбас үшін, өзара ымыра керек-ақ. Бүгінгі кездесу әрқайсымызға заң талаптарын терең ұғынып, азаматтық ұстанымды қайта саралауға мүмкіндік бергені анық, – дейді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет майоры Мирамбек Ұзақұлы.

Кездесу қызметкерлерге қоғамдағы өз рөлін қайта ой елегінен өткізуге себеп болғаны сөзсіз.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!