Қызылорда қаласының қарыштауы көрініс-келбеті ғана емес, мәдени-көпшілік жұмыстарының жандануы да түрткі. Тұрғындардың мәдениетін арттыруына арқау мәселе мол. Идеологиялық мақсаттың игілігі мән-маңызы жоғары жұмыстардың жүйесімен де өлшенеді. Оны қала күніне байланысты іс-шара барысынан байқадық. Келбеті келісті шаһардың айтулы күнінде бағдар бөлек. Адамның аңсарын аударатындай ауқымдылыққа ие. Жылдағы жаттанды дәстүрді жиып тастап, жаңашыл жобалар қолға алынып отыр. Бүкіл дүниені бір күнге топтап, сығымды түрде өтетін жұмыстар тоқтатылды. Мұны 14 қыркүйектен бастау алған шаралар таныта түсті. Мереке аясында жаңа леп, жаңа тақырыпта өтетін шараларға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыппар Тәжімаханов тоқталды.

Тұрғындар мерекені сезіну керек

Қала күні мерекесін барлық қала тұрғындары сезінуі тиіс. Сондықтан шаһардың барлық аймағында мерекеге орай түрлі қызықты шараларды өткізуді қолға алдық. Жауыр болған жиындарды ысырып, жылдағыдан өзгеше қылуды мақсат санадық. Соған сай халық бір күнде шаршамас үшін мерекелік думанды 30 күн тойлауға бекіндік. Яғни 14 қыркүйектен бастап, 14 қазан аралығында қала күні аталып өтледі. Осы күндерді тиімді пайдаланғысы келген алыс-жақындағы жұртшылық Қызылордаға келіп, мерекені сезінуіне болады. Алда болатын негізгі шараларға тоқталсам. Ертең Қалалық тарихи музейінде «Шырайы артқан шаһар» көрмесі таңғы 10-00-ден бастап, кешкі 17-00-ге дейін жалғасады. Амфитеатрда «Неге маған жырламасқа Сырда туған елімді?» тақырыбында ақын-жазушылардың жыр кеші өтеді. Сондай-ақ 30 қыркүйекте «ҚұттықTimes Қызылорда» қала көшелерінде көшпелі концерт ұйымдастырамыз. 1 қазанда жалпыхалықтық жаттығу арқылы саламатты өмір салтын сақтауға тұрғындарды шақырамыз. Ақ халатты абзал жандар халықты тегін медициналық тексерумен қамтамасыз етеді.

Спорт сайыстары өтеді

Мереке күндері қалада спорттық шаралар көп ұйымдастырылады. Тұрғындар арасында арқан тартыс, гір тасын көтеру секілді спорт сайыстары өтеді. Сондай-ақ ерекше шараның бірі «Яркая Кызылорда» марафоны болмақ. Орталық алаң мен Достық үйі арасын жалғайтын «Арбаттың» бойында тұрғындар марафонға қатысады. 7 қазанда Евразия спорт кешенінде қазақ күресінен «Бала барысы» турнирі өтеді.

Гала концертпен қорытындыланады

14 қазанда Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда мерекенің нүктесі қойылады. Яғни тұрғындарға әншілер мерекелік тарту жасайды. Әншілерді шақыруға бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Барлығы демеушілердің ықпалымен өтеді. Негізгі басымдықты жергілікті өнерпаздарға береміз. Елена Әбдіқалықова, Мадина Садуақасова секілді мақтаныштарымыз гала концертте өнер көрсетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар демеушілер тарапынан халықтың ықыласына бөленіп жүрген эстрада жұлдыздарын да шақыруға жұмыс істейміз.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!