Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы  аймақтағы ең ірі кітапхана. Облыстағы қалалық және аудандық кітапханалардың әдістемелік орталығы болып саналатын мекемеде Тәуелсіздіктің төл құрдастары да қызмет етеді. Соның бірі Айжан Қадырханқызымен осы аптада ой бөлісіп, аз-кем сұхбаттастық.  

      ‒ Биыл қазақ елі үшін маңызды жыл қарсаңында әр сала кешегі мен бүгінін саралауда. Осы орайда Тәуелсіздік жылдарындағы  кітапхананың ең үлкен жетістігі деп нені айтар едіңіз?

      ‒  Иә, елдің Тәуелсіздікке қол жеткізуі барлық салаға ерекше серпін, жаңа дем берді.Өздеріңіз білесіздер, 2009 жылы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 400 мың дана кітап қорын сақтауға арналған типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазіргі таңда кітапхана 32000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Кітап қоры 413 850 басылымды құрайды. Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді. Сирек кітаптар топтамасы  қордың ерекше құндылығы болып табылады. Қорда 632 дана сирек және құнды басылымдар бар. Кітапханада коворкинг орталық, АРТ-студия,«Шаңырақ» интеллект-орталығы, «Парасат жолы» орталығы және «ВООК саfе» бар. Әрі мұнда «Жауқазын-ғұмыр», «Рауан», «English club», «Кездесу» клубтары жұмыс жасайды. Сол жылы25 қарашада Сыр еліне жұмыс сапарымен келген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада болып, зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесті. Елбасы жиналған жұртшылықпен кездесу кезінде Т.Ізтілеуовтың ұрпағы Нөсербек Тұрмағанбетов Елбасына Тұрмағанбеттің «Шахнамасының» қолжазба түпнұсқасы мен жаңадан басылып шыққан екі томын тарту етті. Елбасы осынау аса құнды тарихи қолжазбаны мұражайға табыс ететіндігін жеткізді.

Сондай-ақ бірнеше жыл бұрынҚазақстанның Халық жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын-драматург, әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтің ескерткіш-бюсті ашылды. Кітапханадағы осындай оң өзгерістер мен жаңа бастаманың бәрі Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келді деп ойлаймын. 

     ‒ Соңғы уақытта кітапхана қоры қандай жаңа дүниелермен толықты?

      ‒ Қазіргі таңда кітапхана қоры жастардың жиі сұранысына ие Луиза Хей, Қуаныш Шонбай, Джон Кэхо, Мырзагелді Кемел сынды авторлар кітаптарымен, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарық көрген «100 жаңа оқулық», түрлі сала бойынша «Әрбір адам оқуға тиіс 10 кітап», әлем халықтарының әдебиеті, өнері, тарихы, фәлсафасы жинақталған «Менің 100 кітабым», «Дала фольклорының антологиясы» және тағы басқа сериялармен жарық көрген әдебиеттермен, сонымен қатар, оқырмандардың сұранысы бойынша келіп түскен жаңа көркем әдеби кітаптармен толықтырылуда.

      ‒ Биыл барлық салада түрлі ауқымды іс-шаралар қолға алынуда. Кітапханадағы Тәуелсіздік тақырыбында ұйымдастырылған тың бастамалар жайында кеңірек ой бөліссеңіз…

         ‒ Кітапхана ‒ көркем әдебиет пен өнерді, мәдениетті бір арнға тоғыстырған орта. Сол үшін оқырманға апта сайын жаңа жобалар ұсынып, Тәуелсіздік тақырыбын жиі насихаттаудамыз. Айталық, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері» кітабы бойынша тарихи-таным сағаты, «Қазақ шежіресі» тарихшылардың қатысуымен дөңгелек үстел, «Кітап – сарқылмас рухани қазына» Мемлекеттік қызметкерлер арасында оқу марафоны ұйымдастырылып, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» акциясы аясында Т.Сәукетайдың «Желқайық» кітабына шолу, Б.Соқпақбаевтың   «Жекпе жек» повесі бойынша  онлайн кітап  талдау, Ж.Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» кітабын талдау, балалар жазушысы М.Қабанбайдың  «Жиһанкез Тити» әңгімесі бойынша кітапқа шолу жасалды. Бұл ‒ Тәуелсіздік тақырыбындағы жобалардың бір парасы ғана.       

‒  «Тәуелсіздік ‒ Тәңірдің тартуы» деп жиі айтамыз. Осы тұста  өзіңіздің ұлт мерекесі жайында жылы лебізіңізді білдірсеңіз…

      ‒ Газет оқырмандарын барша арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын! Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақ пен береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! «Ақмешіт жастары» газеті ұжымына шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

    ‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ