Әйел өз шағымында көпқабатты үйдің лифтінде белгісіз адам оны зорлауға тырысқанын айтқан.

Шымкентте ер адам лифтіде әйелге зорлық көрсетпек болды. Күдіктінің әрекеті бақылау камералары арқылы дәлелденіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz ІІМ ақпараттық порталына сілтеме жасап.

25 мамырда Шымкент қаласы Қаратау АПБ-ға жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Әйел өз шағымында көпқабатты үйдің лифтінде белгісіз адам оны зорлауға тырысқанын айтқан.

«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 24-120-бабы (Зорлауға оқталу) бойынша тіркеуге алды. Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып Полиция департаменті ер адамның жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған тәжірибелі жедел уәкілдерден тұратын арнайы топ құрды. Іс Полиция департаменті басшылығында ерекше бақылауға алынды. Нәтижесінде, жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше сағат ішінде күдіктінің жеке басын анықтады», – деп жазады ақпарат көзі.

Жедел топ өкілдері оны қылмыстық жауапкершіліктен қашпақ болған жерінен Шиелі бекетіндегі пойыз вагондарының бірінде ұстаған.

«Ол түнде Қаратау аудандық Полиция басқармасына жеткізілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», – дейді полициядан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!