Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қалаларда интернеттің сапасыз болуына түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлкен қалалардағы байланыс сапасының нашар болуына радиация фобиясына бой алдырған тұрғындардың өзі кінәлі. Көпқабатты үйлердің шатырына байланыс қондырғысын орнату үшін әр пәтердің тұрғынынан келісім алу керек. Үлкен қалалардың интернет байланысы нашар тұстарына базалық станса орнатпақ болған операторлар осындай проблемаға жиі тап келеді», – деп жазылған министрліктің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында.

Ведомство мамандары бұл проблеманы еңсеру бағытындағы жоспарларын да атады. Салық кодексіне енгізілген түзетулер бойынша, 2020 жылдан 2024 жылға дейін қалалық және ауылды елді мекендерде кеңжолақты интернет тарту аясында радиожиілік спектрдің жылдық төлемақысын 90% азайту көзделген. Есесіне операторлар осы аралықта интернет сапасын мінсіз етуі керек.

«Осы жоспар аясында 2022 жылдың аяғына дейін 768 ауылда кеңжолақты интернет тарту көзделіп отыр. Қазір осы ауылдардың 628-інде тиісті жұмыстар жүргізілді. Қалған 140 елді мекенде 2022 жылға дейін кеңжолақты интернет пайда болады», – деп жазылған министрлік мәліметінде.

Finprom.kz-тің жазуынша, ауылдағы 10 үйдің 9-ы мобильді интернетті пайдаланып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!