Барлық мемлекеттік аппарат қаңтар оқиғасын қайта болдырмау іс-шараларын қабылдап жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәжімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір барлық мемлекеттік аппарат қаңтар оқиғасын қайта болдырмау іс-шараларын қабылдап жатыр. Президент сайлауалды бағдарламасында нақты тапсырмалар берді. Олар аграрлық секторды, экономика саласын, инфрақұрылымдық даму, цифрландыруды қамтиды. Сонымен қатар, азаматтардың әл-ауқатын, білім сапасын арттыру, медицина, сот төрелігі мен құқық тәртібіне қатысты», – деді ол Бас прокуратураның биылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Бас прокурордың бірінші орынбасары басымдық берілетін бағыттарды да атады.

«Олар – азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, азаптау, отбасылық зорлық-зомбылық, есірткі, алаяқтық және қаржы пирамидасымен күрес. Алдағы уақытта прокуратура органдары осы және басқа да Президент тапсырмаларын шешуге бар күшін бағыттайды», – деді Тимур Тәжімбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!