Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Қайрат Құдайберген енді Алматы қалалық мәслихатының депутаты емес. Сонымен қатар оны Amanat партиясының құрамынан да шығарды, деп хабарлайды қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі.Алматы мәслихатында ротация жүргізілді. 11 депутат мәслихат құрамынан шығарылды. Олардың арасында жаппай тәртіпсіздіктерден кейін ұсталған Қайрат Құдайберген де бар.

«Ротация мандаттарды қайта бөлу және берілген өтініштерге сәйкес Әділхановты, Ибрагимованы, Талбидиновты, Сәрсенбайды, Жүдебаевты, Зулеевті, Бөлекбаеваны, Құрманбекті партиялық резервке қосу есебінен жүргізілді. Сондай-ақ партиялар өз құрамынан келесі мүшелерді шығарды: Қ.Қ. Құдайберген Amanat партиясынан, А.Б. Абылқасымова Қазақстан Халық партиясынан және А.Т. Шапенов Қазақстан Халық партиясынан (өз қалауымен)», – делінген хабарламада.

Еске салсақ, 2022 жылғы сәуір айында Алматы қалалық мәслихатының депутаты, бизнесмен Қайрат Құдайберген ұсталды. Ол қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген күдікке ілікті.Бас прокуратураның мәліметінше, Қайрат Құдайберген Дикий Арманмен бірге «Қазақстан» қонақ үйіне адамдарды жинап, оларды Жұмагелдиевтің айналасына топтасуға, оны қолдауға және билікке бірдей талаптар қоюға шақырған. Құдайберген-Жұмагелдиев ұйымдастырған заңға қарсы акция зорлық-зомбылық пен түрлі ауырлықтағы дене жарақатын келтірген жаппай төбелеске ұласты, деді Бас прокуратура.

Sputnik. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!