Күн сайын көріп жүрген табиғаттың өзінде әлі күнге дейін ғылым толық түсіндіре алмаған құбылыс жетерлік. Бірі қорқынышты аңызға айналса, енді бірі ондаған жыл ғалымдардың зерттеу нысаны болып келеді. Табиғаттың осындай тылсым қырлары адамзатқа Жер ғаламшарының әлі толық ашылмаған құпияға толы екенін еске салады.

Соның бірі – АҚШ-тағы «Death Valley»-дегі «жүретін тастар» феномені. Бұл жердегі салмағы ондаған, тіпті жүздеген келі болатын тастар ешкімнің көмегінсіз құрғаған көл табанында бірнеше метрге дейін жылжып, артында ұзын із қалдырады. ХХ ғасырдың басынан бері бұл құбылыс көптеген болжамға негіз болды. Бірі мұны магнит өрісімен байланыстырса, енді бірі тылсым күштердің әсері деп санады. Тек 2014 жылы жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде тастардың өте жұқа мұз қабаты мен баяу желдің әсерінен қозғалатыны анықталды. Дегенмен мұндай жағдайдың өзі өте сирек кездесетіндіктен, бұл құбылыс әлі де табиғаттың ерекше феномендерінің бірі саналады.

Тағы бір таңғаларлық оқиға – Венесуэладағы Кататумбо найзағайы. Бұл өңірде жылына шамамен 260 түн бойы аспан үздіксіз жарқылдайды. Кейде бір сағат ішінде 250-ден астам найзағай ойнайды. Ғалымдардың айтуынша, бұған Кариб теңізінен келетін жылы, ылғалды ауа мен Анд тауларынан түсетін салқын ауа ағындарының түйісуі себеп. Соған қарамастан, мұндай құбылыстың дәл осы аймақта ғана тұрақты қайталануы әлі де зерттеліп келеді. Сондықтан Кататумбо әлемдегі ең ерекше табиғи құбылыстардың бірі ретінде танылған.

Австралиядағы таңғажайып «Morning Glory» бұлттары да табиғаттың жұмбағы саналады. Ұзындығы мың шақырымға дейін созылатын алып бұлт түтіктері көкжиек бойымен баяу қозғалады. Бұл құбылыс көбіне қыркүйек пен қараша айларында ғана байқалады. Оның пайда болу механизмі толық анықталмағандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен метеорологтар арнайы келіп зерттеу жүргізеді.

Африкадағы Танзания аумағында орналасқан Натрон көлі алғаш көрген адамға басқа ғаламшардың көрінісін елестетеді. Көлдің суы кей маусымда ашық қызыл немесе қызғылт сары түске боялады. Оның себебі – судың өте жоғары сілтілігі мен тұздылығы, сондай-ақ тұзды ортада өсетін микроағзалардың пигменттері. Су температурасы кейде 60°C-қа дейін жетеді. Осындай қатал ортаға қарамастан, бұл көл миллиондаған қоқиқаздың ұя салатын негізгі мекендерінің бірі.

Табиғаттың бір мезетте әрі қатал, әрі тіршілікке қолайлы орта қалыптастыруы әлі күнге дейін адамзатты таңғалдырып келеді. Табиғаттың әрбір тылсымы – жаңа сұрақтың бастауы, ал әрбір жауап – адамзат білімінің тағы бір белесі.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!