Жаз келді. Дала ыстық. Су сататын сауда үйлерінің саудасы шырақтап тұр. Тұтынатынымыз – тоңазытқышта сақталған салқын су. Оның өзінде бөтелкелердегі судың температурасы жоғарылап, шөлді қандыруға жарай бермейді. Бірақ бұрын Сарыарқаны тұлпарымен дүбірлеткен бабаларымыз аптап ыстықта шөлін қандыратын сусынын жанына алып жүрудің ең тиімді жолын тапқан. Бұл – торсық. Ол ішіндегі қымызды, шұбатты немесе іркітті бұзбай, балғын әрі салқын күйінде сақтауға мүмкіндік беретін табиғи тоңазытқыш. Сонымен қатар ол ат үстінде келе жатқан жолаушыға ешқандай кедергі келтірмейтін, соғылғанда сынбайтын, жеңіл әрі ыңғайлы құрал болған.
Торсықтың жасалу жолы ғылым мен өнердің қосындысы десек артық айтқандық емес. Ол көбінесе ірі қара малдың, әсіресе құнан өгіздің немесе түйенің мойын терісінен немесе мықты сауыр былғарысынан тігіледі. Теріні жібіту, жидіту, илеу, қалыпқа салу, кептіру және ең маңыздысы – тобылғының немесе қарағайдың түтініне ыстау жүйелі түрде орындалады. Дәл осы ыстау өңдеуі арқылы былғары бактериялардан тазарады, шірімейді және ішіндегі сусынға ерекше жұпар дәм мен хош иіс дарытады.
Торсықтың жасалу барысы туралы халық жазушысы Сәбит Мұқановтың еңбектерінен білуге болады. Ол «Торсық жасаудың технологиясы өте күрделі әрі нәзік шеберлікті қажет етеді. Былғарыны арнайы илеп, оны тобылғының немесе қарағайдың қызыл түтініне ыстау процесін ерекше атап өту керек. Ыс иісі сіңген торсық бактерияларды жойып, қымыздың бұзылуын тежейді және оған ерекше далалық жұпар дәм береді» деп сипаттаған. Одан бөлек «Торсық» сөзін адамды сипаттауда да қолданған. Мәселен «Керқұла атты Кендебайда» «Торсық шеке, ақ сазан тапты бір ұл» секілді теңеулер жиі кездеседі. «Торсық шеке» деп баланы атау арқылы оның болашағына молшылық пен тоқшылық тілеген. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген сөзді естігендеріңіз бар ма? Торсықты өрнегінен бөлек, мағынасы үшін де еске жиі алып отырған. «Шық бермес Шығайбайларда» жазылған сөздің мағынасы аталған. Жаман адамның қолына байлық тисе, өзгереді. Жақсы күтілген жаман ат ер-тұрманның жанына байланатын торсықты да жақтырмайды. Сол сияқты жаман адам байыса, жанындағысын ұмыта бастайды.
Қазақ қолөнерінде торсықтың сыртқы пішініне үлкен мән берілген. Оның мүйіз, жан, шимайлы және тұмар тәрізді түрлері далалық суретшілердің геометриялық шешімдерін көрсетеді. Торсықтың сыртына түсірілген «қошқар мүйіз», «тұмарша», «сынық мүйіз» секілді ою-өрнектер тек әшекей ретінде емес, сонымен бірге береке, байлық пен судың киесін білдіретін белгілер болған.
Торсық туралы көп адам біле бермейді. Бірақ қазақы өмірді сипаттағанда бұл жәдігер жазушының қаламынан түспейді. Соның бірі – Мұхтар Әуезов. «Жаздың аптап ыстық күндерінде жайлаудағы жолаушының шөлін басатын торсықтан құйылған сары қымыздың жөні бөлек. Мүйіз торсықтан сыздықтап, бүлкілдей аққан қымыз бойды балқытып, рухты сергітеді. Оның бүлк-бүлк еткен дыбысында даланың өз әуені, өз еркіндігі жатыр» деген сөздерді сіз де оқыған боларсыз.
Қазақ халқы қандай дана десеңші. Суды салқын күйде сақтаудан бөлек, жәдігерге ерекше мағына дарытқан. Ұлттық нақышпен қоса тәрбиені де сусынмен қатар бала бойына сіңірген. Өкініштісі, жәдігердің ел есінен ескіруі…
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!