Ол дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Сол мақсаттың тек арман күйінде қалып кетпеуіне анасының да ықпалы зор болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын анасы дертіне шипа іздеп, Алматыға жол тартқанда Айдарәли іштей ақ халатты абзал жан атануға бекінген еді. Бүгінде ол облыстық көпбейінді ауруханасында жалпы тәжірбиелі дәрігер қызметін атқарады. Білім алу жолында талай қиындыққа шыңдалған Айдарәли Қайназаров мамандығымен мақтанатынын жеткізді. Жас дәрігердің сұхбаты бүгінгі буынға пайдалы болады деген үмітпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Күнделікті қызмет барысындағы қиын және ең қызық сәттер қандай? Жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Біздің әр күніміз жауапкершілікке, үздіксіз ізденіске толы. Әрбір науқас – жаңа тәжірибе, жаңа сабақ. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, аға-дәрігерлерден көп дүние үйренудемін. Осы кезең мені кәсіби тұрғыдан шыңдауда. Ең қиын сәт – ауыр жағдайдағы науқастарға шұғыл шешім қабылдау қажет болған кездер. Ал ең қызықтысы – дұрыс диагноз қойылып, емнің нәтижесін көріп, науқастың алғысын алған сәт. Жұмыс күнім науқастарды қабылдаудан, олардың шағымдарын тыңдап, тексеруден, зерттеу нәтижелерін талдаудан, диагноз қойып, ем тағайындаудан және әріптестермен бірлесіп күрделі жағдайларды талқылаудан тұрады.
– Науқастар қандай шағымдармен жиі келеді? Қазіргі кезде адамдар денсаулығына қатысты қандай қателіктер жіберуі мүмкін?
– Көбіне қан қысымының жоғарылауы, бас айналуы, бел мен мойынның ауыруы, аяқ-қолдың ұюы және жалпы әлсіздік, буын, тыныс алу жолдарының аурулары және асқазан-ішек жолдарының шағымдарымен келеді. Ең жиі кездесетін қателік – дәрігерге кеш қаралу және интернеттегі кеңестерге сүйеніп, өз бетінше ем қабылдау. Сондай-ақ профилактикалық тексерулерден уақытылы өтпеу де көптеген аурудың кеш анықталуына себеп болады.
– Диагноз қою кезінде неге ерекше көңіл бөлесіз?
– Ең алдымен науқасты мұқият тыңдау өте маңызды. Оның шағымы, анамнезі арқылы көп мәліметтен хабар аламыз және бұл алғашқы диагноз қоюға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда зертханалық және аспаптық зерттеулер алып, нәтижелерін салыстырып, барлық мәліметті кешенді түрде бағалаймын. Диагноз тек бір талдауға емес, барлық клиникалық мәліметке сүйене отырып қойылады. Дұрыс диагноз – тиімді емнің негізі.
– Пациенттің дәрігерге сенімі ем нәтижесіне әсер ете ме?
– Әрине. Сенім – емнің маңызды бөлігі. Егер пациент дәрігердің кеңесін орындап, емдеу процесіне белсенді қатысса, нәтиже әлдеқайда жақсы болады. Сондықтан дәрігер мен пациент арасында ашық әрі сенімді қарым-қатынас болуы керек.
– Қазіргі медицинадағы ең үлкен өзгерістер жайлы ой бөліссеңіз… Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар дәрігер жұмысын қалай өзгертуде?
– Кейінгі жылдары медицинада цифрлы технология өте қарқынды дамып келеді. Заманауи диагностика, жоғары дәлдіктегі зерттеулер, телемедицина дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, науқастарға сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Жасанды интеллект үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдеуге, зерттеу нәтижелерін талдауға және кейбір ауруларды ерте анықтауға көмектеседі. Бірақ ол дәрігердің орнын баса алмайды. Себебі әр науқасқа жеке көзқарас пен клиникалық тәжірибе қажет.
– Жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Білім алуды ешқашан тоқтатпау қажет. Медицина үнемі дамып отырады, сондықтан өзімізді әрдайым жетілдіріп отыру маңызды. Сонымен қатар әр науқасқа мұқият қарап, адамгершілік пен жауапкершілікті бірінші орынға қою керек деп ойлаймын. Жақсы дәрігер тек кәсіби біліммен ғана емес, мейірімділігімен де ерекшеленеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Еңлік ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!