Футбол тарихында ойыншылар тек гол соғып, кубок ұтумен ғана шектелмейді. Олар тұтас бір дәуірдің символына айналады. Мақаламыздың кейіпкері Криштиану Роналду да дәл сондай тарихта есімі алтын әріптермен жазылған ұлы тұлға.
– Ертең де бүгінгідей көңілім тыныш болып оянамын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Мен Португалия құрамасына үш трофей сыйладым. Криштиануға дейін Португалия бірде- бір халықаралық турнирде топ жармаған еді.
Сондықтан еш өкінбеймін. Шынымды айтсам, ұлттық құрама сапындағы ең үлкен жетістігіміз – 2016 жылы Еуропа чемпионы атанғанымыз – бұл мен үшін әлем чемпионатын жеңгенмен бірдей болды.
Сол себепті көңілім тыныш. Өйткені барымды салдым, қолдан келгеннің бәрін істедім. Ал ертең – жаңа күн. Өмір жалғаса береді, – деді Роналду.
Осы бірнеше сөйлемнің өзінде бүтін бір өмірдің салмағы жатыр.
Көпшілік Роналдуды алтын доптарымен, Чемпиондар лигасындағы рекордтарымен немесе жүздеген голымен таниды. Бірақ оның өмірі сән-салтанаттан емес, жоқшылықтан басталды. Мадейра аралындағы шағын үйде дүниеге келген қарапайым бала үшін теңбіл доп тебу арман болды. Әкесі Жозе Диниш Авейру бағбан әрі клубтағы құрал-жабдықтарға жауапты қызметкер болып еңбек етті. Анасы Долореш бірнеше жұмысты қатар атқарып, балаларын асырады. Сол шаңырақтағы кішкентай Криштиану бір күні әлемнің ең үздік футболшысы болатынын ешкім елестетпеген де болар.
Он екі жасында туған жерінен кетіп, Лиссабонға жалғыз аттанған баланың не сезінгені туралы айта бермейміз. Анасына деген сағыныш, жалғыздық, қатарластарының мазағы – мұның бәрі оның бала күнгі серігі болды. Бірақ дәл сол қиындықтар мінезін шыңдап, жас спортшыны қайрады.
Тағдыр оған атақ бергенімен, бәрін бірдей сыйлаған жоқ. Роналду өміріндегі ең ауыр соққылардың бірі – әкесінен ерте айырылуы. Әкесі ұзақ жылдар бойы алкогольге тәуелділікпен күресіп, 2005 жылы өмірден өтті. Сол кезде Криштиану енді ғана әлемдік жұлдызға айналып келе жатқан еді. Өкініштісі, әкесі ұлының ең биік шыңдарын – бес мәрте «Алтын доп» алғанын, Чемпиондар лигасының патшасына айналғанын, Португалияны Еуропа чемпионы еткенін көре алмады. Роналду кейін бірнеше сұхбатында: «Әкем менің жетістіктерімді толық көре алмады. Бұл – менің ең үлкен өкініштерімнің бірі», – деген болатын.
Арада жылдар өткенде тағдыр тағы бір ауыр сынақ жіберді. 2022 жылы егіз сәби күтіп жүрген Роналду мен Джорджина Родригес ұлдарынан айырылды. Сол кезде футбол әлемі бір сәтке бәсеңдеп қалғандай еді. Стадиондарда қарсылас жанкүйерлердің өзі жетінші минутта қол соғып, қайғысына ортақтасты. Бұл – спорттан да биік адамгершіліктің көрінісі болатын.
Ол тек таланттың арқасында шыңға шыққан жоқ. Роналду – тәртіптің, еңбекқорлықтың және өзін-өзі жеңудің символы. Оның мансабы Бекхэм, Зидан, Роналдо Назарио, Роналдиньо, Кака, Анри, Шевченко, Неймар, Модрич, Мбаппе сияқты бірнеше буынның жұлдыздарымен қатар өрбіді. Бір буын кетсе, екінші буын келді. Бірақ Роналду солардың бәрімен бір алаңда ойнап, әр кезеңде өз орнын сақтап қалды.
Әрине оның есімі айтылса, Лионель Месси де қатар аталады. Екі футболшы он бес жылдан астам уақыт бойы бір-бірін жаңа биіктерге жетеледі. Бірінің дарыны, екіншісінің еңбекқорлығы туралы пікірталас әлі тоқтаған жоқ. Бірақ шын мәнінде бұл бақталастық футболды бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Егер Месси болмаса, Роналду мұншалықты шыңдалмас еді. Егер Роналду болмаса, Мессидің де ұлылығы дәл осылай аталмауы мүмкін еді. Олар бір-бірінің қарсыласы ғана емес, бір дәуірдің қос қанатына айналды.
Ұлттық құрамадағы жолы да ерекше тарих. Роналду келгенге дейін Португалия Еуропа чемпионатында да, әлем чемпионатында да алтынға қол жеткізе алмаған еді. Оның капитандығымен команда 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды, кейін УЕФА Ұлттар лигасын екі мәрте жеңді. Әлем чемпионаты бұйырмаса да, ол Португалия футболының тарихын мәңгілікке өзгертті. Бұрын фаворит саналмайтын құрама бүгінде кез келген турнирдің басты үміткерлерінің біріне айналды.Бірақ бір кем дүние. Ұлы десек те, ол Әлем чемпионы аталмай кетті.
Иә, спортта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. «Бақ шаба ма, әлде бап шаба ба?» демекші, қолда тұрған кубок та сусып кетеді. Рекордтардың өзі бір күні жаңарады. Бірақ адамды аңызға айналдыратын нәрсе – оның соңғы нәтижесі емес, соңында қалдырған ізі. Криштиану Роналду дәл сондай із қалдырды.
Ол – тарих. Сондықтан кеше жеңілген – Роналду емес. Кеше аяқталғаны – футбол тарихындағы ең ұлы дәуірлердің бірі ғана. Ал аңыздар… аңыздар ешқашан жеңілмейді.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!