Қазақта қарашаңырақ атты үлкен ұғым бар. Кейде бір үйдің жалғыз баласы қанша жерден зейіні болып, дарыны тасып тұрса да, қарашаңырақты қимай, ауылда егіс алқабында жұмыс істеп қалады. Міндетті түрде егіс алқабы емес, ауыл шаруашылығында механизатор, мектепте мұғалім, емханада дәрігер болып қалуы мүмкін. Әйтсе де, ол зейіні мен талабының арқасында әлемді жаулап, биіктерді де еңсеруі ғажап емес еді…

Ауылда жеңгеміз бар. Тарих пәнінен сабақ береді. Қарапайым ауыл мұғалімі. Қалада үлкен жерлерде жүріп, біз ғылым докторларымен, профессорлармен жұмыс істескенде, сол жеңгеміз ойымызға орала береді. Он ғылым докторын орап алатын білімі мен тәжірибесі бар. Бірақ соның бәрін ол ауыл балаларының білім алуға ынта-ықыласын арттыруға, жоғары сынып балаларын ғылым жолына бағыттауға жұмсап жатыр. Қандай тамаша! Мұндай алтын әріппен жазылуға тиіс ұстаздар жетерлік.

Мектепті тәмамдай сала арман қуып, Алматыға аттанғанмын. Ойда – сан мың арман, қолда – Алматыға билет. Осылайша оқу оқыдық, жұмыс істедік. Алақандай ауылдан шығып, ақбасты Алатаудың баурайынан ту тіктік. Алдымда асқар тау ағам бар, ол да осы қалада орналасты. Ауылда қалған ата-анам қартайды. Не істеу керек?! Мал-жанды қолға алу керек, қартайған әке-шешені бағу керек. Бір сәтте шешім қабылдап, туған ауылдан бір-ақ шықтым. Бірақ, қол қусырып, қарап отырмын. Өйткені, менің таңдаған мамандығыма ауылда жұмыс жоқ. Жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырдым. Әйтпегенде, үлкен бір фирма басшысының экономика жөніндегі орынбасары едім.

Елге келген соң не күтеді?! Әрине, маған ауыл әкімі болудан басқа нұсқа жоқ. Ал ауыл әкімі ол жерді оңайлықпен босататын адам емес. Не мұғалім емеспін, не дәрігер емеспін. Өмірлік жарым дәрігер еді, бірақ алақандай ауылдағы амбулаториядағы апайлар зейнетке шығамын дегенше ол тіпті ине шаншуды да ұмытып қалады. Ал маған қалғаны не егін егесің, не мал шаруашылығымен айналысасың. Қарашаңыраққа қайта оралғанда мені осы мәселелер күтіп тұрды. Бүгініме шүкір айтатын адаммын, бірақ мәселеге шынайы қарау керек шығар…

Елдегі жастар қарашаңыраққа келерде мына нәрсені ұғыну керек. Мамандық таңдағанда ол шын мәнінде ауылда қалатын болса, елде қандай мамандыққа мұқтаждық бар, соны біліп алу керек. Бірақ ауылда мұқтаждық жоқ, тек бір маманмен бір нанды бөліп жеп, орналасасың. Сосын ары қарай тіршілігіңді жалғайсың. Екіншіден, кәсіп ашуға бейім болу керек. Елге не керек деген сауалға жауап іздей алсаңыз, жеткілікті. Наныңыз жүруі бек мүмкін.

Мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып, төмен пайызбен беріліп жатқан несиеден несібе теремін деп шештім. Құжат дайындап, қолға қаржы тиген соң малдың жартысын көбейтуге, қалған бөлігін бордақылауға реттедім. Осылайша, тірлігімді жүргізіп, кәсібімді кеңейте бастадым. Жеті жылда несиемді жапқанда қолымдағы мал менің балаларымның жағдайын жасауыма жетті. Иә, мен өзгелер тәрізді сауық-сайран құрып, кафе жағалаған жоқпын. Артылған ақшама сауын сиыр алдым, жарым оны сауып, құрт қылды. Ет алған адам құрт та алады, осылай кәсіпті кеңейте түстім.

Иә, мен Алматыда жүргенімде үлкен бір компанияның таптырмас маманы едім. Өзім жылы әрі таза жерде еңбек еттім. Табысым да жоғары болатын. Бірақ оның игілігін мен және отбасым ғана көрді. Ал елге не бердім деген сауал қойылса, тосылып қалатындай жағдайда болатынмын. Ал қазір ше?! Қазір менің кішкентай әлемімде үлкен жаңалықтар болып жатыр. Ойлаңызшы, мен таза әрі сапалы ет өнімін тұтынушыларыма өндірушіден тікелей апарып жатырмын. Оған қоса, таза сүт өнімдерін мысалға алсаңыз болады. Әрі отбасымның әлеуметтік жағдайын көтеріп жатырмын. Отбасы мүшелері экологиялық таза азық-түлік тұтынады.

Ендігі менің үлкен арманым – туған ауылымның халқына не қажет болса, соның барлығы осы ауылда өндірілсе деймін. Мемлекет басшысы айтқан, өндірісті дамытуды өз ауылымыздан бастасақ, әркім өзіне керегін өзі тұтынса, қаражат елде қалса, экономиканың жақсаруы деген осы емес пе?!

Айсұлтан БАТЫР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!