Мемлекет басшысы Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйлеп, сардарлар мен сарбаздарды, ардагерлерді мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

«Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Бұл мемлекеттігімізді нығайту жолындағы маңызды қадам болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент егемендік алған кезде әскери әлеуеті мықты армия жасақтауға баса мән бергенімізді, отаншыл әрі кәсіби мамандардың арқасында бұл міндет ойдағыдай атқарылғанын атап өтті.

«Қорғаныс саласындағы негізгі мәселелер дер кезінде шешімін тапты. Осы маңызды жұмысқа еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов өлшеусіз үлес қосты. Оның мол тәжірибесі Қарулы Күштеріміздің негізін қалауға зор септігін тигізді. Бүгінде «Жас ұлан» әскери мектебіне және Құрлық әскерлерінің әскери институтына Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген», – деді Президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!