WhatsApp-та қазақстандықтар еліміздің әрбір азаматына «193 817 лв» мөлшерінде төлем жасалатыны туралы хабарлама тарады, деп хабарлайды Stopfake.kz. 

Хабарды таратушылар бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлаудан кейін мәлімдеді деген. Басылым бұл ақпараттың фейк екенін анықтады.

Хабарламаны оқығанда көзге түсетін бірінші нәрсе – адамдарға қаражат төленетін валюта – лв. Лв болгар ұлттық валютасының белгісі. Қазақстанда бұл валюта пайдаланылмайды және ешқандай мемлекеттік төлемдер жүргізілмейді.

Сонымен қатар, төлемді алу үшін қандай да бір ресми ресурсқа емес, Fi-fa Qatar мекен жайы бойынша сайтқа өту ұсынылатынына назар аударған жөн. Іс жүзінде ҚР азаматтары атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінімдерді тек eGov.kz порталында ғана бере алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке қайта сайланған жағдайда, жаппай ақшалай төлемдер жасалатыны туралы сөзі де шындыққа жанаспайды. Оның сайлауалды науқанында бұл туралы ештеңе айтылған жоқ.

«Хабарламада аталған қазақстандықтарға төленетін төлемдер туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми сайттарында да ақпарат жоқ. Демек, таралған хабарлама өтірік.

Мұндай платформаларды кибер алаяқтар жасайды. Осылайша, олар пайдаланушылардың жеке деректерін иемденіп, оларды өз мақсаттарында пайдаланады», – деп жазған басылым.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!