Фатима КУЛИБАЛИ, актриса

Жуырда Youtube арқылы көрерменге жол тартқан «Аппақ келін» сериалының қаралымы артып, кино кеңістікте сұранысқа ие болып тұр. Лия есімді қара нәсілді қыздың қазақ отбасына келін болғаны кімді болмасын қызықтыруда. Лияның әр күні шытырмағанға толы. Қазақы әдет-ғұрыпты бойына сіңірген кинодағы келіннің шын есімі – Фатима Кулибали. Сериал арқылы Фатиманың танымалдылығы күн санап артып келеді. Шынтуайтында актриса келіндік өмірден алшақ. Желіде жұлдызға айналған Фатиманың шын өмірін оқырманға ұсынамыз.

Көпшілігі Фатиманың қазақ ұлтына қатысы бар ма екен деп сұрайды. Алайда кейіпкеріміздің әкесі – африкалық. Мали елінің тумасы болса, анасы Талдықорған қаласынан, ұлты орыс екен.Қос ғашықты тағдыр қосып, Фатима Қазақстанда, Алматы қаласында дүниеге келген.

– Әкем білімді, белсенді азамат болған. Жас кезінде оқудың соңына түсіп, түрлі бағдарламаларға қатысады. Нәтижесінде шетелге шығу бұйырыпты. Алдымен Мәскеу қаласына қоныс аударып, біршама уақыттан кейін Алматыға ауысуға тура келіпті. Бәлкім бұл тағдырдың сыйы шығар. Алматы қаласында жүріп анаммен танысады. Анам орыс ұлтынан. Нағашылары татар. Екеуі Ауылшаруашылығы институтында бірге оқыған. Уақыт өте бір-бірін ұнатып, отау құрған. Балалық шағым бақытқа толы болды деп айта алмаймын. Өйткені ауладағы балалардың барлығы мені мазақ ететін. Ойын баласы болған соң дос тауып, бірге ойнағың келеді. Алайда шыға қалсаң «қараңдар, қара қыз келе жатыр» деп күлетін. Ес біліп, үлкен өмірге аяқ басқанша көршілерім «қара қыз» деп атады, – дейді Фатима.

Кейіпкеріміз еңбекке ерте аралысыпты. 17 жасында сән әлеміне келіп, алғашқы табысына қол жеткізген.

– Алматы – мүмкіндіктер мекені. 17 жасымда сол сөздің мағынасын түсіндім. Бойымдағы ерекшелікті пайдалануым керек болды. Ойлана келе сұлулығымды сән әлеміне пайдаланамын деп шештім. Модель болуға барынша талпынып, мектептерге бара бастадым. Сән әлеміндегі ұстаздарымнан көп нәрсе үйреніп, алғашқы табысымды таптым. Ерекшеліктің арқасында үлкен жобаларда жұмыс істедім. Шыны керек, үлкен өмірде қара қыздың мүмкіндігі көп болды. Соның бірі – ресейлік әнші Jony (шын есімі Джахид Афраил оглы Гусейнли) «Комета» әнінің бейнеклипіне түсуге мүмкіндік туды. Бұл да бір қызық оқиға болды. Мейрамханада кофе ішіп отырғанмын. Бір жігіт жаныма келіп, «сізбен суретке түссем болады ма» деп сұрады. Мазам болмай отырып, амалдың жоғынан келісімімді бердім. Суретке суық көзқараспен түстім. Сөйтсем, әлгі жігіт танымал әнші Jony-дың көмекшісі екен. Екі күн өткеннен соң белгісіз бір нөмер телефоныма қоңырау шалып, бейнеклипке түсуге шақырып тұр. Өз-өзіме сенбей түсірілім алаңына бардым. Алаңда танымал Jony-дың өзі қарсы алғанда өңім екеніне сенбедім. Екеуміз сомдаған бейнебаян 25 млн қаралым жинап, ТМД-ның көлемінде үздіктер қатарына ендік. Өйткені Jony-дың «Комета» әні барлық елдерде хитке айналған еді. Клипке түскенім үшін жақсы жалақы алдым, – дейді кейіпкеріміз.

Бір ғана бейнеклиптен кейін Фатиманың өмірі 180 градусқа өзгеріпті. Әр-түрлі түсірілімге жиі шақырту ала бастапты. Соның арасында ең «Аппақ келін» веб-сериалыбар.

– Кино арқылы қазақтың түрлі салт-дәстүрін үйрендім. Келіндік өмірдің қаншалықты қиын болатынын да сериал арқылы сезіндім (күліп). «Аппақ келіннен» кейін  көшеде көп адамдар танып, суретке түседі. Олардың жылы лебізіне қарап, веб-сериалдағы кейіпкерге ерекше құрметпен қарайтынын аңғардым,– дейді Кулибали.

Бұл ретте кейіпкеріміз әр халық өзінің тілімен, дінімен, атауымен және де салт-дәстүрімен ерекшеленетінін, соның ішінде  қазақ халқының ежелден салт-дәстүрлерін заңда жазылған ережедей сақтайтынына, әр қадамында жасалу керек ырым-жоралғыларын өз ретімен орындайтынына тоқталды.

– Қазақ халқын ерекше құрметтеймін, ризалық сезімім де көп, ал махаббатым тіпті өзгеше.Қазақ өміріндегі күллі дәстүр мені тамсантады, себебі оның әрбірінде үлкен философия жатыр. Бірақ, шыны керек осы сериалға түсу барысында көп нәрсеге қанық болып, білмегенімді үйрендім. Келін кішіпейіл болуымен сүйкімді екеніне көз жеткіздім. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін келіннің шаңырағын береке пен бақ күзететіні де сериалда көрсетілді. Жаңа түскен келіннің басына ақ орамал текке жабылмайтыны да таңдандырды. Бұл салт ақ жаулық келіннің бұдан кейінгі өмірдегі серігіне айналсын деген ниеттен туындаған. Ол – тазалық пен қазақи мәдениеттің бір көрінісі. Бұдан бөлек, қазақ халқында бір ғана шай берудіңде түр түрі бар. Мысалы, көңіл шай, күзем шай, келін қолынан шай ішу, тәтті шай, шашу шай деген секілді. Осылардың әрқайсысының өзіндік реті, мәні бөлек. Бұл орайда қазақ халқының қонақжайлығы, даналығы, жанашырлығы барлық әлемге үлгі дер едім, – дейді ол.

Сондай-ақ Фатима Қазақстанда барлық ұлт өкілдеріне мүмкіндік бірдей екенін алға тартты.«Қазақстанда дүниеге келгендіктен өзге елде өмір сүруді елестете алмаймын. Жанға жайлы жері мен халқы бар. Жайлы болғандықтан бүгінде 140-тан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Соның бірі – өзім. Мен қазақ елінде дүниеге келгенімді мақтан етемін», – деп қорытындылады сөзін кейіпкеріміз.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!