Шетелді айтпағанда, елдің басқа облысына ат басын бұрсаң Қызылорда аймағын «қазақылықтың қаймағы бұзылмаған орта» деп таниды. Көп дәстүрді ұмытпай, заман көшіне сол қазақылығымен еріп келе жатқан өңірдің бұлай ерекшеленуі тілдің тазалығынан тәрізді.  «Алаштың анасы» атанған аймаққа көпшіліктің құрметпен қарауы да осы туған тілмен байланысты. Көптен бері көңілде жүрген осы жағдай Тәжікстанның таулы Бадахшан аймағын мекендеген халықтың өмірі сүру салтын еске түсіреді. Сол таулы аумақта саны тоқсан мыңнан аспайтын шунган деген халық өмір сүреді. Бұрын бұл халықтың тілінде (шунган тілі) бірде-бір көркем фильм түсірілмеген. Бірақ кейінгі жылдары бұл оқылықтың орны толып, кино мәселесі қолға алына бастаған. Айтпағымыз, фильм жағдайы емес. Біздің назарды аудартқан дүние, «Мушкилкушо» атты фильмнің шунган тілінде түсірілуі еді. Онда шунган халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі әдемі бейнеленген, тілін түсінбесеңіз де қызығып көресіз. Көріп отырып, тіл арқылы аз ғана халықтың дәстүрін дәріптеп, көптің құрметіне бөленгенін байқауға болады.

        Қызылорда дегенде, таза қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындар, ата-бабасының әдетінен жаңылмай жылы жүзбен қонақ күтетін адамдар ойға оралатынын айттық. Бұл сөзімізді А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанның «Мен орысқа да, америкалыққа да қажет емеспін. Өйткені ҚАЗАҚПЫН!» сұхбатындағы мына үзінді де  дәлелдеп тұрғандай көрінеді:

«Маған өз тілінде сөйлемейтін кейбір мықты таныстарым, «саған қазақ тілі неге керек, ағылшын тілін білсең, көп ақпаратқа қол жеткізесің, қаншама керемет дүниелерді танып білесің. Ол − ғылым тілі. Неміс те, жапон да ағылшын тілінде жазып жатыр. Ал біздің тіл болашақта кімге керек?» дейді. Сол кезде салың суға кетіп, ойланып қаласың. Миымнан бүкіл қазақ тілін алып тастап өмір сүруім қалай болар екен деп елестетіп көрдім. Қиялымның мүмкіндігі жеткенше объективті жағдайдың қалай боларын елестеттім. Онша мәз емес, тіпті қиын болып көрінді. Себебі онда мен батыстың адамы болады екенмін, еуропаша киінем, еуропаша жүрем, тұрам. Үйге келген адамға отыр деп айтпаймын. Беймезгіл уақытта келсе, есік аузынан шығарып салам. Оларда мәдениет солай ғой. Шайға келіңіз дегенде тек қана шай берем. Қазақтар шайға келіңіз дейді де, ет береді. Сөйтсем, мәселе тілде ғана емес екен. Мысалы, мына жарық дүние бәрімізге ортақ. Алла Тағала сені осы дүниеге келтіріп, өмір сүргізді. Енді сен ол дүниені танисың. Мен бұрын адамдар дүниені барлығы бірдей таниды деп ойлаушы едім. Сөйтсем, адамдардың барлығы дүниені бірдей танымайды екен. Адамдар қай тілде сөйлесе, сол тіл арқылы дүниені таныған соң, олардың да танымы ұлтына қарай әртүрлі болады екен» дейді тіл маманы.

Дүние дүрбелеңі жиілеп, ақпараттың алақұйын уақыты болып тұрған қазіргі кезде өзге тілге деген қажеттілік басты талапқа айналғанын айтпай-ақ білесіз. Кезінде жазушы Мұхтар Әуезов «…орыс тілінен қазақтың тілі әлдеқайда бай, икемді, ырғақты, мағыналы, әсем, ықшам, әуезді. Екі тілді салыстыруға болмайды, қай жағынан алғанда да біздің тіліміз артық!» деп жазыпты. Дегенмен қазір қазақ тілін өзге тілмен салыстырудан әрі асып, саналы түрде ана тілден бас тарту белең алғаны ұлт үшін үлкен өкініш. Бірақ қазақы орта барда тілдің түйіні шешілері анық. Сыр елін «Алаштың анасына» айналдырғанда осы үлкен құндылық емес пе?!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!