«Балақай, сен үйді көріп тұрсың ба?» – бұл сөздер құлаққа шалынғанда, көз алдымызға жылулыққа толы балалық шақ елестейді. Есіңізде ме? Телеарнадан мультхикаяның дауысын естіп-ақ, отбасымен бірге теледидар алдына жиналатын едік. Ол кездің кейіпкерлері бізге достықты, адалдықты және мейірімділікті үйретті. Дегенмен уақыт керуені алға жылжып, әлем танымастай өзгерді. Бүгінде сол телеарналар бар, бірақ оны көретін бала жоқ. Қазіргі бүлдіршіннің серігі – теледидар емес, қолға байланған смартфон. Бәрі телефонын құшаққа байлап, қысқаметражды ойын-сауыққа асық. Аты қысқа болғанымен, қысқа уақыт алмайды. Сонда қазіргі контент неге айналды? Балалар не көреді? Бірге тарқатайық.

Қазіргі балалар контентінің басты сипаты – оның жылдамдығы мен мағынасының жоқтығында. «Қысқа» деген аты болғанымен, бұл видеолар баланың ұзақ уақытын ұрлайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі «Балерина капучино», «Лабубу», «Клубника – банан» секілді терминдер трендке айналды. Бір қарағанда, бұл зиянсыз жеміс-жидектер немесе ойыншықтар туралы оқиғалар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл контенттің астарына үңілсек, оның ішінде жасырын зорлық-зомбылық, сатқындық, тіпті адам өлтіру сахналарының жеңілдетілген формада берілетінін байқаймыз. Мұндай контенттің басым бөлігі батыста «AI slop» деген атауға ие болды. «AI slop» – бұл жасанды интеллект арқылы жасалған, сапасы төмен, мағынасыз, алгоритмдердің назарын аударуға негізделген контент. Оның басты мақсаты – қаралым жинау. Бір қызығы, мұндай қисынсыз видеолар миллиондаған көрермен жинайды. Мұндай сюжеттерде нәсілшілдік, мизогиния және агрессия элементтері жиі кездеседі.

Бүлдіршіндер неге мұндай контентке әуес? Австралиялық катологиялық университеттің профессорлары Ниуша Шафиабади мен Тереза Дикенің зерттеулері бұл сұраққа жауап берді. Олардың айтуынша, адамдар, әсіресе, балалар, экрандағы бейнелер шынайы адамдар емес, анимациялық кейіпкерлер болған кезде өздерінің этикалық пайымдауларын жеңілдетеді. Яғни бала экрандағы кейіпкердің бірін-бірі ұрып-соққанын көргенде, оны шынайы күш көрсету деп қабылдамайды. Бұл «моральдық алшақтық» баланың бойындағы жанашырлық, эмпатия сезімдерін өшіріп, қатыгездікке бейімдеуі мүмкін.

Ал контент авторларынан алынға сауалда ақшаны алғаш фактор санағандар басым. Контентмейкерлер үшін сапа емес, қаражат ғана рөл ойнайды.

Қазақстандық балалардың цифрлық ортадағы өмірі бүгінде мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселеге айналды. Елімізде 6 миллион 900 мыңнан астам бала бар. ЮНИСЕФ-тің Қазақстанда жүргізген зерттеуінің нәтижелері көңіл көншітпейді. Сауалнамаға қатысқан мыңнан астам жасөспірімнің 21%-ы кибербуллингке ұшырағанын, 10%-ы бейтаныс адамдармен желіде танысып, онымен кездесуге барғанын және бұл туралы ата-анасына айтпағанын, 7%-ы өздеріне қауіпті немесе жағымсыз фото-видео контент жіберілгенін мәлімдеген.

Бұл деректер цифрлық дәуір дамыған сайын балалардың қауіпсіздігі тек көшеде емес, өз үйінде, қолындағы телефонында да басты назарда болуы керектігін көрсетеді. Балалар интернетті 5-8 жастан бастап белсенді қолдана бастайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөздің мағынасы өзгеріп, бала «ұядағы» тәрбиені ата-анасынан емес, смартфоннан алып барады.

Балалар контенті тек әлеуметтік желі мен мультфильммен шектелмеуі тиіс. Оның қатарында журналдар, кітаптар мен бағдарламалар болуы шарт. Алайда қазіргі қазақ тілді ортада бұл саланың ақсап тұрғаны жасырын емес. Балаларға арналған өлеңдердің авторы, ақын Ретбек Мағаз бұл мәселені атап айтқан еді.

– Бүгінде «балаларға арналған контент» деген ұғым ерекше мәнге ие. Себебі балалар – ел болашағы. Олар не тыңдайды, не көреді, не оқиды – соның бәрі ертеңгі дүниетанымына, ойлау жүйесіне, адамдық қасиетіне тікелей әсер етеді. Шыны керек, қазақ тілінде жасалған сапалы балалар контенті әлі де жеткіліксіз. Біз ұрпаққа не ұсынып отырмыз? Мультфильмдер, кітаптар, анимациялық өнімдер тым аз. Қазақша контент жасау – бұл идеология, бұл – ұлттық қауіпсіздік, – дейді ол.

Шынымен де, қазіргі қазақ баласы шетелдік «Marvel» кейіпкерлерін немесе «Аниме» кейіпкерлерін жатқа біледі, бірақ өз ертегілеріміздегі Ер Төстік пен Таусоғарды, заманауи ұлттық кейіпкерлерді танымайды. Идеологияны байытатын контент аз. Балаларға арналған материалдар ұлттық болмысты, мейірім мен достықты, әділдік пен еңбексүйгіштікті дәріптеуі тиіс.

ҰЛЫДАН ҚАЛҒАН ҰЛАҒАТ

Қазақстанда балаларға арналған 20-ға жуық басылым бар. Олардың ішіндегі шоқтығы биіктері – «Ақ желкен», «Ұлан», «Балдырған», «Дружные ребята». Бірақ бұл басылымдар бүгінде өз күнін өзі көріп жүрген халде.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы жас оқырмандар саны 1,7 миллионнан асқан. Бұл қуантарлық көрсеткіш сияқты көрінгенімен, балалардың көбі әлі де классикалық шығармаларға жүгінеді. Ал заманауи қазақ балалар әдебиеті мен мерзімді басылымдарының таралымы өте төмен. Газет ардагері Талғат Айтбайұлының айтуынша, кезінде «Қазақстан пионері» 150 мың таралыммен шыққан. Тіпті көрші Өзбекстандағы балама басылым 1 миллион данаға дейін жеткен. Қазір «Ұланның» таралымы небәрі 5 000 дана шамасында. Бұл 7 миллионға жуық баласы бар ел үшін өте аз көрсеткіш.

Мәселе тек балалардың қызығушылығында емес, мемлекеттік қолдаудың жетіспеушілігінде де болып отыр. «Ұлан» газетінің 2015-2018 жылдардағы бас редакторы Жұлдыз Әбділда бұл мәселені ашық айтты:

– «Газет оқылмайды, оның дәуірі өтті» дей бермей, керісінше оның жарқырап шығуына мүмкіндік берген дұрыс. «Ұлан» – коммерциялық емес, мемлекеттік басылым. Біз кезінде министрлерге «бұл басылым, тым болмаса, әр мектептің кітапханасында тұрсын» дегенді түсіндіре алмадық. Қазір газет қызметкерлері тілші ғана емес, SMM-маман, мобилограф, дизайнер жұмысын қоса атқарып жүр. Бірақ оларға бұл еңбегі үшін қосымша ақы төленбейді, өйткені министрлік тиісті қаражат бөлмейді, – дейді ол.

Ең алғаш – мемлекет қолдауы керек. «Ел болашағы жастардың қолында», «Мен жастарға сенемін» деген жастар не көреді, немен өседі? Бойында ұлттық құндылық бар ма? Осыған мән беру керек. Оқуға құштарын ояту да маңызды. Уақытша дофаминмен уақыт өткізген бала болашағын ойлай ма? Жоқ, себебі белгілі бір мерзімге ғана созылатын әсер оның не үшін оқуы керек екенін ұғынуға да көмектеспейді. Сол себепті аталған құндылықтар кішкентай кезден баланың бойына сіңуі керек.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің мәнін жоғалтпай, смартфонды тәрбиеші емес, тек құрал ретінде пайдалануды үйрететін уақыт келді. Баланың назары – ең қымбат ресурс, ал оны басқаратын біз екенін ұмытпайық.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!