Фото: Sputnik / Тимур Батыршин
Sputnik. Әскер жасындағы жастар Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жатыр, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан бейнематериалдар тарап жатыр.
«Шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері болып жатыр. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар бар. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді», – дейді ведомство.
Министрліктің мәліметінше, заңнамаға сәйкес шақыру қағазын әскерге шақырылушының жеке өзіне тапсыру мүмкін болмағандықтан бұл тапсырма ішкі істер органдарына жүктеледі.
«Рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатады. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді», – дейді қорғаныс министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Осының негізінде азаматтардан қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауды және жалған ақпаратты таратпауды сұраймыз, дейді министрлік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!