Біз жоғары сыныпқа көшкенде бастауыш сынып оқушылары жақсы бір бағдарлама бойынша домбыра сабағын өтті. Біздің кезімізде болмаған соң, қызығып кетіп, Жеңіс есімді ағайға өтініш айтып, соңғы партада екі тізем екі құлағыма тиіп, домбыра шертіп отыратынмын. Бірақ қанша талпынсам да, «Еркем-айдан» асып кете алмадым.

Дауысы құйқаңды шымырлатып, бойыңды бір ерекше сезім билейтін домбыраның құдыретіне сол кезде тәнті болғанмын. Сырттай қарағанға сол қолдың саусақтарына пернелерді қуалатып қойып, оң қолдың бас бармағы мен сұқ саусағын біріктіре салып, жай ғана шертіп отырған сияқты ғой. Бірақ жеті нотадан жеті миллион ән шығарған өнердің тереңіне бойласаңыз, домбырада ойнай білу кезкелгеннің қолынан келе беретін іс емес екенін ұғынасың… Қазақтың қазақтығы мен азат үнін әлемге танытып жүрген аспаптың арнаулы мерекесі бар. Елімізде Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде тойланып жүр. Тарих төріндегі бұл мереке 2018 жылдан бастап қолға алынған. Төл өнеріміз бен мәдениетімізді танытып, айбынымызды асырып, рухымызды асқақтатар домбыраға деген құрмет әлімсақтан бар. Әлемде кең тараған шертпелі аспаптардың қатарындағы домбыраны өнер танушылар мен тарихшылар Х ғасырдан бастап белгілі де генді айтып жүр. Яғни, оннан астам ғасырды артқа тастаған аспап қазақ тарихымен бірге жасап келеді. Әйтсе де, кейбір деректер домбыраның тарихы одан әрі дегенге саятын түйінге әкеледі. Естеріңізде болса, тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылып, елдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған болатын. Ата домбыра 1500 жыл бұрын қолданыста болған деседі. Ол Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Шаруаның қолына түскен аспапқа археологтардың қызығушылығы оянып, 2008 жылы мемлекетке алынған. Ғылыми жаңалыққа танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сарт қожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды. Бірнеше айларға созылған келіссөздерден кейін ғана Моңғолия тарапы домбыраның көшірмесін алуға рұқсат беріп, кейін сол көшірме негізінде жасалған көне домбыраның нұсқасы музейге қойылды. Әлбетте, бұл дерекке қарап, домбыраны қазақтан алыстатуға болмайды. Күй атасы атанған Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Дина Нұрмейісовалардың бойына қонған талант пен дарын, қабілет пен қасиет те осы аспаппен астасып жатқан жоқ па? «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөздің астарында да қазақ тарихымен астасқан аспап екені жатқан шығар?! Көкем «Адайды» орындап жатыр. Көз алдыма сайын дала төсінде көсіле шапқан тұлпардың үстіндегі өзімді елестеттім. Алтай мен Атырау арасындағы алып қазақтың өнерінің құдыреті де осында жатыр. Бір сөз айтылмайтын күйдің өзі көз алдыңызға өзінің тарихы мен ерекшелігін әкеліп тұрады. Сөзсіз өнерді көзсіз сезінесің, жүрек төріне орналастырып, жан дүниеңнің сыңарындай көресің. Өйткені, бұл өнер – қазақтың өнері. Көшпенді елден отырықшыға қалған мәңгілік мұра. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!