Қыс-көктем мезгілдерінде қар мен жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты Арал ауданында қуаңшылық орын алды. Нәтижесінде наурыз-сәуір айында өңір шаруалары мал шығынына ұшырады.

«Мал басының қырылуының бірнеше себебі бар. Алғашқысы қуаңшылық болса, екіншісі жайылымдық жерлердің тозуы. Аталған факторлар салдарынан бүгінге дейін ауданда 321жылқы, 159 мүйізді ірі қара және 1 түйе малы, барлығы 481 бас ауылшаруашылығы жануарлары өлген. Мал саны мен мал азығының балансын ұстап тұру үшін аудандағы шаруашылық құрылымдары мал бастарын қысқарту бағытында жұмыс жасап жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылуда. Қосымша падамен қамтамасыз етілуде. Қазір мал өлімі жоқ», – деді аудан әкімінің орынбасар Еркін Әбішев.

Аудандағы шаруа қожалықтарын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және аймақтағы аудандармен келісімдер жасалуда. Күні кеше Аралға 116 тонна жоңышқа шөбі әкелінсе, алдағы күндері 518 тонна мал азығы алынады. Осы аптаның сенбі күні Арал ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жем шөп нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан сатылмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!