Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі атап өтіледі. Бұл мереке қоғамдағы қарапайым еңбек адамдарының беделін өсіріп, жастарды еңбекке тартуды көздейді. Аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар Атласы әзірленуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев айтты.

– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда және халыққа арнаған Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамда ең жоғары орында тұруы керегін, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс екендігін әрдайым айтып келеді. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ендігі кезекте, техникалық және кәсіптік білім беру ең маңызды мәселеге айналары сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуде білікті мамандардың қажеттілігі артады. Аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар Атласы әзірленуде. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мамандықтар Атласын әзірлеу мақсатында 20 қызметкерді арнайы оқудан өткізді. Сонымен қатар, облыс әкімінің қатысуымен өткен бүгінгі «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты шарада аграрлық және өнеркәсіп секторында, коммуналдық салада және басқа да жұмысшы кәсіптерде еңбек еткен 10 адамға облыс әкімдігі атынан Алғыс хаттар мен 400 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды,- деді Ғабит Жұмабекұлы.

Салтанатты шара барысында облыстық кәсіподақтар орталығы тарапынан әр салада адал еңбегімен абыройға бөленген 10 адамға шипажайға жолдама берілген.

– Өздеріңізге белгілі, 2013 жылы Қазақстанның кәсіби мерекелер тізіміне жаңа мереке, яғни, еңбек күнімен толықтырылды. Бұл күн адам еңбегінің беделін өсіруге, жұмысшы мамандықтарды насихаттауға және жұмыс әлеуетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту мақсатында бекітілді. Сондай-ақ, мемлекетіміздің тұрақты түрде дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Қазіргі таңда еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, еңбек қатынастары туралы заңнамаларды жетілдіруде кәсіподақтың да үлесі зор. Айта кетейін, ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының мүддесін білдіруші ең үлкен қоғамдық ұйым. Осы бағытта облыстық кәсіподақтар бірлестігінде 12 салалық кәсіподақта 100 мыңға жуық жұмыскерді біріктіреді,- деді облыстық кәсіподақ орталығы төрағасының міндетін атқарушы Марат Байымбетов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!